МЕМЛЕКЕТТЕН ҚОЛДАУ ТАПҚАН КӨП БАЛАЛЫ АНА КӘСІБІН ДОМАЛАТЫП ОТЫР

90
0
Мемлекет тарапынан қолдау тапқан көбалалы ана қазақы нақыштағы қыз жасауын жасап, кәсіп ашып отыр, деп хабарлайды Uakit.kz. 
Бүгінде сан түрлі салада кәсіптің көзін тауып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің нәсібін көріп жүргендердің саны жылдан-жылға артып келеді.
Халқымыздың ұлттық құндылығы болып саналатын қазақтың қолөнері одан шыққан оюлы-өрнекті бұйымдары бүгінгі ұрпаққа мұра әрі мақтаныш. Қазақы нақыштағы ою өрнекпен көмкерілген — қыз жасауы. Бұл Шымкенттік Гаухар Сапарбайқызының қолынан шыққан туындылар. Көп балалы ана 2022 жылдың мамыр айында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттың иегері атанған.
Грант қаражатын алған соң үш түрлі тігін машинесін алып, қыз жасауына тапсырыс қабылдауды бастаған. Қазіргі заманға сай әртүрлі сәндік үлгіде, қыздарға арналған көрпе-төсек, жабындылар жасап, көптің алғысын алып жүр. Гауһар Сапарқызының айтуынша қазір қазақи нақыштағы ою өрнекпен тапсырыс берушілер көп.
«Көздің майын алатын кәсіпті, шын ынта-жігермен жасасаң тапсырыс берушінің көңілінен шығары анық. Жасаған жұмысыма қарай тапқан табысыма да көңілім толады. Берекесін берсін деп, келушілерден тек алғыс алуды, көңілінен шығуды қалаймын»,— дейді тігінші.
Ұлттық дәстүрге сай салтымызды насихаттап жүрген азаматша, мемлекеттік қолдаудың арғасында өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
Айта кету керек, биыл Шымкент қаласында өз ісін бастағысы келетін азаматтарға 1 150 қайтарымсыз грант (400 АЕК) беру жоспарланған. Қазіргі таңда жалпы үш лек бойынша 610 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оның ішінде 430-ы әйел азаматшалар. Олар жартылай дайын тағамдарды сату, кондитерлік өнімдерді даярлау, тігіншілікпен айналысу, сүт өнімдері мен балалар ойыншықтарын жасап шығару сынды ұсыныстарын білдірді.
Ал, жыл басынан «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде 6805 әйел азаматша оқытылса, бос және жаңа жұмыс орындарына 4888 әйел орналасқан, 3 айлық оқу курстарына қатысып жаңа мамандық игерген әйелдер саны 1143. Сондай-ақ, «Осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындар», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» сынды өзгеде бағдарламаларға қатысқан қыз-келіншектеріміз бар. Осы көрсеткіштерден аңғарғанымыздай қазіргі таңда әйелдердің экономикаға белсенді араласуы жоғарылап келеді.