ЖОЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ ІСІ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

94
0

Сапалы жол – тұрғындардың қала ішінде кедергісіз қозғалуы үшін аса маңызды. Сонымен қатар өндіруші мен тұтынушының арасын жақындататын негізгі фактордың бірі саналады. Яғни сапалы жол экономиканың да дамуына айрықша әсер етеді. Осы орайда, жол инфрақұрылымын дамыту бағытында елімізде қыруар іс атқарылып жатыр. Жүзеге асқан жұмыс та көп. Нәтижесінде облыс пен қала орталығынан шалғайда жатқан көптеген елді мекендердің өзекті мәселелері шешімін тапты.

Биыл Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жайы да ауқымды. Мәселен, бүгінгі таңда А-2 автомобиль жолы құрылысының ІІ кезеңі жүруде. Ұзындығы 2,48 шақырымды жол Ынтымақ шағынауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайды. Жоба бойынша ені 30 метр 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар көзделген. Қазіргі таңға сақина типті жолайрығының құрылысы жүргізілуде. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары мен Барыс базары маңында сақиналы жолайрықтың жол негізі жасалуда. А-2 жолының IV кезеңі Темірлан тас жолынан Бадам өзені көпіріне дейінгі аралықты қамтиды. Жолдың ұзындығы – 1,86 шақырым. Жобаға сәйкес автомобиль жолының ені 35,5 метр, 6 жолақты, ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ және тротуар салу көзделген. Бүгінде құрылыстың 40% орындалып, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарда бар. Қазіргі уақытта жерді мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмысы жүруде. Бүгінге дейін 47 жер телімінің 9-ы қайтарылған. Сондай-ақ жолдың бір жақ бөлігінің жер негізін жасау жұмыстар атқарылып жатыр. Жоба жүзеге асса, аймақтағы көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Шымкентте алдағы 3 жылда 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріледі. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7%-дан 2025 жылы 79%-ға жетеді. Әуе көлігі жолаушыларына қолайлы жағдай жасау үшін жеке инвестор есебінен әуежайға жаңа терминал салынып жатыр. Құрылыс аяқталған соң, жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2000 адамға дейін өседі. Қорыта айтқанда, қаладағы жол мәселесін шешу мақсатында ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асып келе жатыр. Атқарылған жұмыстар жайын алдағы уақытта жүйелі түрде жазып, қалың оқырман назарына ұсынып отырамыз.