ШЫМКЕНТТЕ СОҢҒЫ 4 ЖЫЛДА 10 ЖЕКЕ ЕМХАНА АШЫЛДЫ

98
0
Шымкентте Денсаулық сақтау саласындағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беруде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Соңғы 4 жылда 214 мың адамға қызмет көрсететін 10 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 20%-ға азайды.
Қалада жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілуде. Жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылды. Бүгінгі таңда бұл орталық қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысын анықтап, алдын ала емдеу мүмкіндігіне ие.
Шымкентте жүрекке 402, бүйрекке 12, бауырға 5 операция жасалды. Биыл №2 ауруханада бауыр циррозы бойынша бірегей ота жасалып, 1 сәуірден бастап аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография және стендттеу қызметі көрсетілуде.
Осы және өзге де мәліметтерді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қалалық мәслихат депутаттарының кезекті ХХІІ сессия отырысында баяндады.
Жиын барысында Мұрат Дүйсенбекұлы 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана және жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиника мен 6 медициналық орталық ашылатынын жеткізді.
Айта кету керек, Шымкент қаласында медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде үшінші мегаполис аумағындағы бірқатар медициналық мекемелердің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында өзге елдерден білікті мамандар шақыртылып, біліктілікті арттыру ісіне де айрықша көңіл бөлініп жатыр.
Осы орайда, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирургтері 5 жастағы балаға тың әдіспен күрделі ота жасалды. Баланың оң тізе астынан қан кету, сондай-ақ, төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілермен жансақтау бөліміне жатқызылған. Тексеру барысында мамандар оның оң тізе асты артериясы мен тамырының толықтай кесілгенін анықтады. Егерде балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым екенін түсінген дәрігерлер ота жасауға кіріседі. Хирургтар науқас баланың тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппаратының көмегін пайдаланды. Нәтижесінде, мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.