ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

257
0

Ұлттық құрылыстың қазіргі кезеңінде Қазақстан Республикасы қарқынды саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Саяси модернизацияның тұжырымдамалық фрейміне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі арқау болды. Бұл — үкіметтің азаматтармен өзара әрекеттесу, оларды толғандыратын мәселелер мен қажеттіліктерін түсіну бойынша белсенді күш-жігеріне баса назар аударатын мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тәсілі ақпаратты жай ғана тарату немесе «жоғарыдан төменге» саясатын жүзеге асыруға қарағанда, тиімді басқару бұдан да көп нәрсені қажет ететінін көрсетеді. Яғни кері байланыс, идеялар мен қоғамдық пікірді белсенді іздеудің маңызын мойындайды. Бұған қол жеткізуге жәрдемдесетін түрлі құралдар бар: қоғаммен кеңесу, сауалнамалар, жалпы жиналыстар, онлайн форумдар және басқа да қатысу тетіктері.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан тұжырымдама Шымкент қаласында сәтті жүзеге асып келе жатыр. Әсіресе, соңғы жылдар ішінде шымкенттіктердің үні билікке жетіп, мәселесі шешіліп келеді. Бұл ғана емес, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі басқарма басшылары һәм орынбасарларымен бірге қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге арнайы барып, халықпен кездесіп жатыр. Осы орайда, жуырда тағы бір жиын өткен болатын. Тарқата баяндасақ, бұл жолы қала басшысының  тұрғындарымен  көшпелі кездесуі  Әл-Фараби ауданында жалғасын тапты. «Күншығыс», «Ескі қалашық», «Химфарм», “16-шы” шағынауданы, Жандосов, Жібек Жолы және Иляев көшелерінің тұрғындарымен өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, көше мен аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, жасыл желекті суару, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын салу сияқты маңызды проблемалар көтерілді. Әкім өз кезегінде, көше мен аулаларды жарықтандыру және абаттандыру тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруін қамтамасыз етудегі басты бағыт екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды тұрғындардың пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып, әрі қарай да жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар, шымкенттіктер көлік тұрағын кеңейту, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында үйлерді жөндеу, жер телімдерін заңдастыру, тұрғын үй кезегіне қою, жылу жүйелерін жөндеу және ирригациялық жүйелердің қызметіне қатысты мәселелер туралы айтты. Кездесу барысында тұрғын үйлердің күтімін, жөндеу жұмыстарын және ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында міндетті түрде меншік иелерінің бірлестігін құру қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, сындарлы диалогқа уақыт тапқан тұрғындарға алғысын білдіріп,  жиынға келген азаматтардың өтініші назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді. Айта кету керек, Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2023 жылы 39 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы қаралды. Бүгінде мердігер мекемелер 24 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Береке ш/а. 276 орамда ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілсе, қазіргі таңда Жангелдин көшесі №14 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына спорт алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 3 жыл ішінде аудан аумағында 41 ашық спорт алаңшасы салынып, халыққа пайдалануға берілді. Жалпы аудан аумағында 105 ашық спорт алаңшасы орнатылған. Бұдан бөлек, аудан аппараты тарапынан су басу қауіпі бар аумақтарға зерделеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп, бірінші кезекте (маңызды) ирригациялық жүйелерді орнатуды қажет ететін көшелердің тізімі анықталды. 2022 жылы 28 көшеге ирригациялық арық орнатылса, 2023 жылы 5 мекен-жайға жалпы ұзындығы 1,3 шақырымға ирригациялық жүйелер орнату жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық жұмыстарын тиімді жүргізу үшін аудан аумағы көлеміне қарай 7 секторға бөлінген. Ішкі орамдағы аумақтардың тазалық жұмыстарымен «Бәйтерек-Л.Б.» ЖШС және «Жасыл Ел» ЖШС айналысуда. Жалпы саны 150 жұмысшы мен 16 техника жұмыс жасауда. Сонымен қатар, аудан аумағындағы ағаштарды әктеу, шөп ору, қураған ағаштарды кесу жұмыстарымен «Сенімді құрылыс» ЖШС және ЖК «Шәріпбай» айналысуда. Жалпы саны 11 техника, 69 жұмысшы, оның ішінде 22 орақшы жұмылдырылған. Аудан аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 214 контейнер алаңшасына жалпы 1037 қоқыс контейнері қойылған. Аудан аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын қоқыс алаңшаларындағы және басты, ішкі орам көшелеріндегі қоқыстарды тасымалдаумен ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і және «Арнаулыавтокөлік» ЖШС-і мекемелері айналысады. Ағымдағы жылы 120 қоқыс алаңшасын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, 332 қоқыс жәшігін жаңарту үшін бюджеттен қаржы қаралып, қазіргі таңда, мемелекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы аудан аумағындағы орталық көшелерге мрамордан жасалған, көлемі үлкен 200 қоқыс жәшігін (урна) орнату жоспарланған.