ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘРМЕҢКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жұмыспен қамту – экономиканың негізгі элементтерінің бірі, ол халықтың еңбек ресурстарын тиімді пайдалану арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл ұғым халықты тұрақты жұмыспен, табыспен қамтамасыз ету және экономиканың барлық салаларында еңбек өнімділігін арттыруды қамтиды. Жұмыспен қамтудың негізгі бірнеше түрі бар. Толық жұмыспен қамту – бұл еңбекке жарамды халықтың барлығы өз біліктілігі мен мамандығына сәйкес тұрақты жұмысқа ие болатын жағдай. Бұл экономика үшін оң көрсеткіш болып табылады. Жартылай жұмыспен қамту — бұл жағдайда адамдар толық емес жұмыс күнімен немесе мерзімді жұмыс келісімшартымен жұмыс істейді. Мұндай жұмыспен қамту көбінесе уақытша шешім ретінде қарастырылады. Азаматтардың жеке кәсіппен немесе фрилансер ретінде жұмыс істеуі өзін-өзі жұмыспен қамтыған болып есептеледі. Бұл түрі Қазақстанда соңғы жылдары кең таралған. Жұмыспен қамту жүйесінде ең үлкен мәселе – жұмыссыздық. Оның ашық және жасырын түрлері бар. Ашық жұмыссыздық – жұмыс іздеп жүргендердің жұмысы болмауы, ал жасырын жұмыссыздық – еңбекке қабілетті адамдардың жұмыссыз ретінде тіркелмеуі.  

Жұмыспен қамтылған халық ел экономикасының өсіміне үлес қосады, еңбек өнімділігі артады. Адамдардың тұрақты табысы отбасының өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыссыздықтың төмен болуы қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстанда жұмыспен қамту саясаты мемлекеттік даму бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Соңғы жылдары елде жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар іске асырылды. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы жұмыс іздеп жүрген азаматтарды оқыту, қайта даярлау және жаңа мамандық алу мүмкіндіктерін береді.  Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. «Бизнестің жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қолдау көрсетілуде. Электрондық еңбек биржасы жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жеңілдетеді. Бұл жұмыссыздықты азайтуға ықпал етеді. Қазақстандағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін шағын және орта бизнесті дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Дегенмен өзекті мәселелер де жоқ емес. Ауылдық жерлерде және кейбір өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеуі байқалады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға сәйкес келетін кадрлар жетіспейді. ЖОО түлектері арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары. Көп жағдайда жастар тәжірибенің жоқтығынан жұмыс таба алмайды. Еңбек нарығының бір бөлігі салық төлемейтін және еңбек шарттары заңдастырылмаған бейресми жұмыс орындарын қамтиды.  Жұмыспен қамту мәселелерін шешу жолдарына келсек, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды даярлау мақсатында білім беру бағдарламаларын жаңарту қажет. Индустриялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға болады. Шағын және орта бизнесті қолдауға арналған гранттар мен жеңілдетілген несиелер беру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтуды ынталандыру қажет. Электрондық платформа арқылы жұмыс іздеу және жұмыс ұсыну үдерістерін жеңілдету еңбек нарығының тиімділігін арттырады. Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарға қаржылай көмек көрсету және оларды қайта оқыту жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Жұмыспен қамту – елдің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының басты кепілі. Қазақстанда бұл мәселе мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Жаңа жұмыс орындарын құру, халықты кәсіби қайта даярлау және цифрлық технологияларды енгізу арқылы еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады. Бұл қадамдар Қазақстан халқының өмір сүру деңгейін жақсартуға және экономиканы нығайтуға ықпал етеді. Жалпы аталған бағыттағы жұмыстар еліміздің үшінші мегаполисінд белсенді түрде іске асып келе жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараны қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен «Amanat» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы өткізді. Жәрмеңкеге өндіріс, білім, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларындағы 20-дан астам жұмыс беруші қатысып, 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 12 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға шақырылды. 6 азамат жастар практикасы, «Күміс жас» және қоғамдық жұмыс бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты. Қалған қатысушыларға аудандық мансап орталығының мамандары жұмыспен қамту шаралары туралы толық ақпарат берді. Айта кетейік, 2024 жылы Шымкентте мүгедектігі бар 1368 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. 2023 жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша 1086 азамат түрлі бағдарламалар аясында жұмысқа орналасты. Оның ішінде 453 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, 46 адам жастар практикасына қатысқан, 37 адам «Күміс жас» жобасы аясында еңбек етуде. Бұл жәрмеңке мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды қоғамның белсенді мүшесі болуға ынталандыратын маңызды қадам болды. Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – қоғамның әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі. Бұл азаматтар қоғамның толыққанды мүшелері болып табылатындықтан, олардың өмір сүру сапасын арттыру және құқықтарын қорғау маңызды. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық бастамалар жүзеге асырылып келеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау және олардың қоғамға араласуын қамтамасыз ету – әділетті қоғам құрудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл азаматтарды еңбек нарығына тарту арқылы ел экономикасына қосымша үлес қосуға болады. Қоғамдағы бірлік пен теңдік қағидаттарын жүзеге асыру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту арқылы іске асады. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ресми деректерге сүйенсек, елде шамамен 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олар үшін арнайы әлеуметтік, медициналық және экономикалық бағдарламалар іске асырылуда. Қазақстан Республикасының «Мүгедектердің құқықтары туралы» заңы мүгедектердің құқықтарын қорғау және оларды әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған. БҰҰ-ның мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясына қосылу мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын халықаралық стандарттарға сай қорғауға мүмкіндік береді. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы жәрдемақылар мен зейнетақылар төленеді. Арнайы қызметтер (көлік, медициналық көмек, білім беру) ұсынылады. Жеке оңалту бағдарламалары жасалады. Көлік, ғимараттар мен қоғамдық орындардың мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары қарқын алуда, дегенмен бұл бағытта әлі де мәселелер бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың негізгі бағыттарына келсек, инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балаларға сапалы білім алуға жол ашады. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептер мен интернаттар жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған квоталық жұмыс орындары ұсынылады. Арнайы жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлікті қолдау арқылы оларды еңбек нарығына тарту қолға алынған. Жеке кәсіп ашу үшін жеңілдетілген гранттар мен несиелер беріледі.  Реабилитациялық орталықтар арқылы денсаулықты қалпына келтіру қызметтері көрсетіледі. Заманауи протездік-ортопедиялық құралдар мен техникалық жабдықтар ұсынылады. Мәдени және спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігі артуда. Паралимпиадалық қозғалыстар мен арнайы спорт түрлері дамытылып келеді. Салада мәселелер де баршылық. Атап айтсақ, көптеген қоғамдық орындар, көлік және ғимараттар мүгедектерге бейімделмеген. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілердің саны аз. Қоғамда мүгедектігі бар адамдарға қатысты стереотиптер мен кемсітушілік әлі де кездеседі. Көптеген азаматтар үшін протездер, арнайы құрылғылар және көмекші құралдар қымбат немесе қолжетімсіз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Қазақстанда бұл бағытта маңызды қадамдар жасалып жатыр, алайда шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Теңдік, инклюзивтілік және адам құқықтарын сақтау қағидаттарын ұстана отырып, біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсартуға және олардың қоғамға белсенді қатысуына жағдай жасай аламыз. Айта кету керек, Жалпы биыл Шымкентте 55 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарлануда. Оның ішінде 40 540 адамды тұрақты және 7839 адамды уақытша жұмыс орындарымен қамту көзделуде. Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының башысы Жанат Өтебаева Ақпараттық-коммуникациялық орталықтың баспасөз алаңында өткен мәжіліс барысында мәлім еткен еді. Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысымен 74 мың адам қамтылған. Жылдық жоспар 129 % асыра орындалды. Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нәтижесінде 42 500 адам қатысты. Сонымен қатар, Жоба шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарастырылған. Мәселен, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша былтыр 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған болса, жыл соңына нақты – 8430 адам қамтылды. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыстар мен «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы», «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы, «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындарына орналастырылған. Былтыр Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Өткен жылдың басынан жыл соңына дейін 22 870 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылған 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткен. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алған. Жалпы, Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, жүзеге асқан. Жалпы Шымкент қаласында 11 858 отбасындағы 60 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл одан алдыңғы жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 22,6 пайызға азайған. Мемлекеттік атаулы көмек алушы жанұяларындағы 1-6 жас аралығындағы 20 033 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың 1,5 айлық есептік көрсеткіш яғни, 5175 теңге көлеміндегі ай сайынғы қосымша төлемімен қамтамасыз етілді. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады.