ЖАҢА БАСТАМА – АЙМАҚ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРПІЛІС

32
0

Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан облысы – бүгінде ел экономикасының маңызды драйверлерінің біріне айналып келеді. Инвестициялық климаттың жақсаруы, инфрақұрылымдық даму және мемлекеттік қолдау тетіктерінің артуы – аймаққа шетелдік капиталды тартудың басты алғышарттары. Соңғы жаңалық – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің шетелдік инвестормен кездесуі және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы бастаманың талқылануы – бұл бағыттағы ілгерілеудің нақты көрінісі.

Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» кеден бекеті – Өзбекстанмен шекаралас, экономикалық тұрғыдан маңызды нүкте. Бұл жерде халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру – тек облыс емес, тұтастай Орталық Азия аймағы үшін маңызды қадам. Шетелдік инвестордың жоспарында электр жабдықтарын өндіру, пластмасса өнімдерін шығару, жылу құбырлары мен өзге де құрылыс материалдарын дайындайтын зауыттар ашу, сондай-ақ бизнес орталықтар мен жүк сақтау қоймаларын салу бар. Осы орайда, аймақ басшысы Нұралхан Көшеров «Біз өндірісті өркендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Инвесторларға барлық инфрақұрылымдық қолдауды көрсетуге дайынбыз» деп атап өтті. Бұл – әкімдік пен шетелдік инвесторлар арасында сенімді әріптестік қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Кездесу нәтижесінде тараптар әріптестік жөнінде меморандум түзуге уағдаласты. Бұл – инвестициялық жобаның қағаз жүзінен нақты іске көшкенінің белгісі. Түркістан облысының әкімдігі – жобаны толық сүйемелдеп, заңнамалық, инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық тұрғыдан қолдауға дайын екенін білдірді. Меморандум аясындағы басым бағыттар — жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу, экспортқа бағытталған өнім шығару, логистикалық қызметтерді күшейту (жүк сақтау, кедендік рәсімдер), шекара маңындағы сауданы жандандыру. Жалпы Мақтаарал ауданының географиялық орналасуы – жоба үшін маңызды артықшылық. Бұл аудан – Өзбекстанмен шектесіп жатқандықтан, шекаралық сауда, өндіріс және логистика үшін таптырмас аймақ. «Атамекен» кеден бекетінің маңында орналасу – зауыттар мен қоймалар үшін экспорт пен импорт ағынын жеңілдетеді. Бұл өз кезегінде Түркістан өңірінің аймақаралық экономикалық хабқа айналуына жол ашады. Мұндай орталықтар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Орталық Азия елдері арасындағы интеграцияны жеделдетуге сеп болады.

Мақтаарал ауданы – халқы тығыз орналасқан, бірақ жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары өңірлердің бірі. Зауыттар мен қоймалар іске қосылса, жүздеген адамға тұрақты жұмыс табылмақ. Электр жабдықтары, пластмасса және құрылыс заттары – ішкі нарықта да, экспортта да сұранысқа ие өнімдер. Бұл жобалар – өңірлік индустрияландырудың нақты көрінісі болмақ. Қоймалар мен логистикалық инфрақұрылым салынса, Түркістан облысы Орталық Азиядағы транзиттік хабқа айналады. Тұрақты өндіріс орындарының ашылуы – жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдердің көбеюіне, облыстың дотациялық аймақтан дербес экономикалық аймаққа көшуіне ықпал етеді. Бұл кездесу – Түркістан облысында соңғы жылдары инвесторларға деген көзқарастың түбегейлі өзгергенін дәлелдейді. Инвестордың идеясын тыңдап қана қоймай, оны бірге жүзеге асыруға дайын билік – табысты инвестициялық экожүйенің кепілі. 2025–2028 жылдарға арналған 110 инвестициялық жоба пулының шеңберінде Түркістанда индустрия, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика салалары бойынша ірі жобалар іске аспақ.

Түркістан облысы бүгінде тек тарихи-мәдени орталық қана емес, индустриялық және логистикалық аймаққа айналып келеді. Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған жаңа өндірістік бағыттар – өңірдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Егер шетелдік инвестормен жасалған уағдаластықтар нақты жобаларға айналса, бұл Түркістанның Орталық Азиядағы экономикалық ықпалын күшейтеді. Түркістан – тек тарихпен ғана емес, инвестициялық мүмкіндіктермен де баурайтын аймаққа айналып келеді.