ЗОРЛЫҚ – ЗОМБЫЛЫҚ КӨРГЕН ТҮРКІСТАНДЫҚТАР СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ АРҚЫЛЫ КӨМЕК СҰРАЙ АЛАДЫ  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында сөз болған тағы бір мәселе – отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу. Бұл мәселеге құқық қорғау органдары күмәнмен қарайды, өйткені Президент айтпақшы, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. 

Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен

Сонымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына осы жылдың 15 сәуірінде заңға қол қойылып 16 сәуір күні ресми жариялады.

Осы Заң ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілді. Жаңа заң бойынша әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.

Жалпы Түркістан облысында 900 мыңнан астам кәмелетке толмағандар бар, ал олардың қауіпсіздігі басты орында. Бұл бағытта Полиция департаментінің қызметкерлері мен басқа да құзырлы мемлекеттік органдар бірлесіп, жоспарға сай жұмыс істеп келеді. Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер мен «Түнгі қаладағы балалар» «Жасөспірім және жауапкершілік», «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері құқық бұзушылыққа бейім 449 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 290 қолайсыз отбасы шшкі істер органының есебіне алынған.

— Тәртіп сақшылары түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 224 кәмелетке толмаған, ал тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4864 жасөспірімді ұстады. Олардың беймезгіл уақытта ата-анасының қараусыз жүргеніне ата-аналары жауап берді. Ал түнгі сағат 22:00 ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 120 мекеме иесі жауапкершілікке тартылды. Жалпы жүргізілген рейд, жедел профилактикалық іс-шаралар барысында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар бүгінгі күні 3,8 пайызға төмендеп отыр, — дейді полиция басқармасының бастығы.

Түркістан қалалық жергілікті полиция қызметінің полицейлерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту және полицияға деген сенімді арттыру мақсатында тәртіп сақшылары қала аумағында профилактикалық іс-шараларды үнемі жүргізіп келеді. Мәселен, Түркістан қалалық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы әлеуметтік-психологиялық қолдау орталығының мамандарымен бірлесіп, профилактикалық есепте тұрған және оларға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылған тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын атқарған. Полицейлер азаматтарға «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өзгерістер мен қабылданып жатқан шаралар туралы түсіндіріп, ақпараттық жаднамалар таратқан. Сондай-ақ қорғау нұсқамасы бұзылған жағдайда құқық бұзушы жауапқа тартылатынын ескерткен.

Атап айтсақ, жаңа заң бойынша отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтеретіндерге жаза қатаңдатылмақ. Отандастар қызу талқылаған заңдағы әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ, ендігінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыпкерлер 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасын арқалайды. Ал, ұрып-соққан болса 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалап, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 25 тәулікке дейін қамаққа алынады. Бұдан бөлек, азаптау бойынша 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе үш жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Дәл сол секілді денсаулық жағдайына зиян келтірудің деңгейіне қарай үш жылдан сегіз жылға дейін, педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Полицейлер жедел профилактикалық іс-шара барысында зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтар тәуліктің кез келген уақытында Сенім телефондары арқылы көмек сұрай алатынын атап өтті.