ТҮРКІСТАНДА ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ТЫҢ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қазіргі қоғамда қартаю – белсенді өмір салтымен ұштасуы тиіс табиғи құбылысқа айналып келеді. Осы орайда өмір бойы білім алуға ұмтылған азаматтардың жаңа толқыны қалыптасып жатыр. Бұл өзгерістің жарқын дәлелі – Түркістан қаласында зейнет жастағы азаматтарға арналған ағылшын тіліндегі Speaking Club форматындағы танымдық іс-шараның ұйымдастырылуы. Игі бастаманың ұйымдастырушысы – Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Ералиева Элмира Ерубайқызы.
Бұл бір қарағанда қарапайым оқу форматына ұқсаса да, тереңінде үлкен әлеует, әлеуметтік маңыз, әрі заманауи бағыттағы тілдік және психологиялық серпіліс жатыр. Жаһандану дәуірінде тіл үйрену тек жастарға тән нәрсе емес екенін қоғам әлдеқашан түсіне бастады. Көптеген елдерде зейнет жастағы азаматтар бірнеше шет тілін меңгеріп, белсенді түрде білімін жетілдіріп келеді. Түркістан қаласында қолға алынған бұл бастама – осындай жаһандық трендтің жергілікті көрінісі. Іс-шараға қатысқан зейнеткерлер қарапайым танысу, күнделікті сөйлеу үлгілері, отбасы, қызығушылықтар секілді тақырыптарда пікір алмасып, ағылшын тілінде өз ойларын жеткізуге тырысты. Бұл жаттығулар олардың тек тілдік білімін ғана емес, коммуникативтік дағдысын, өзін-өзі сенімді ұстау қабілетін және жаңа ақпаратты қабылдау икемін де жетілдіруге сеп болды. Ағылшын тілін оқытуда дәстүрлі әдістермен қатар, сөйлесу клубтары, рөлдік ойындар, интерактивті сессиялар сияқты әдістер кеңінен қолданылады. Түркістандағы аталмыш іс-шара – дәл осы заманауи әдістерді тиімді пайдалана білген жобалардың бірі. Speaking Club-тың басты артықшылықтары — тілді жаттап емес, өмірде қолдану арқылы меңгеру, сөйлеу кедергілерін жеңу, қателік жасаудан қорықпау дағдысын қалыптастыру, қызықты әрі достық форматтағы ортада тіл үйрену. Элмира Ерубайқызының ұйымдастырған бұл кездесуі де жоғарыда аталған тәсілдердің барлығын қамтып, тіл үйренуге деген ынта мен мотивацияны күшейтті.
Шара барысында қатысушылардың көзінен білімге деген құштарлық, тың ақпаратты сіңіруге деген ниет айқын аңғарылды. Жасы ұлғайғанына қарамастан олар жаңа тіл меңгеруге белсенділікпен кірісті. Ағылшын тіліндегі алғашқы қадамдарын сенімді бастады. Көпшілікпен ашық пікір алмасуға дайын екендерін көрсетті. Бұл – қоғамдағы қалыптасқан «тіл үйрену – тек жастардың ісі» деген қасаң пікірдің мүлдем қате екенін дәлелдейтін мысал. Керісінше, зейнет жасындағы азаматтар – үлгілі, мотивация беретін аудитория. Қазақстанда белсенді қартаюды қолдау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл — зейнеткерлердің әлеуметтік өмірге араласуын қамтамасыз ету, білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, денсаулық пен белсенділікті сақтауға жағдай жасау, қоғаммен байланысын үзбеуге мүмкіндік беру. Тіл үйрену – осы бағыттағы нақты құралдардың бірі. Зейнеткерлер үшін бұл тек тілдік дағдыны дамыту емес, жаңа орта, жаңа эмоция, жаңа мотивация. Яғни, психологиялық тұрғыдан да оң әсер етеді.
Іс-шара соңында қарттар бастаманы жоғары бағалап, өз алғыстарын білдірді. Олар мұндай сабақтардың жиі ұйымдастырылуын сұрады. Болашақта грамматика мен жазбаша тіл дағдыларын үйренгісі келетінін айтты. Ағылшын тілінде шетелге шыққанда немесе интернет кеңістігінде еркін әрекет ету үшін тіл білудің маңызын атап өтті. Бұл пікірлер жоба қажеттілігінің, маңыздылығының және тиімділігінің тікелей дәлелі. Түркістан қаласында өткен бұл Speaking Club форматы – елімізде өмір бойы білім алу идеясының тамыр жайып келе жатқанын көрсететін тың серпіліс. Зейнет жастағы азаматтарға арналған шет тілі клубы – олардың әлеуметтенуіне, өзін дамытып, қоғаммен байланысын үзбеуіне зор үлес қосады. Ағылшын тілін үйрету арқылы тек бір пән меңгерілмейді. Бұл – адамға жаңа әлемге қадам басуға мүмкіндік беретін, ой-санасын кеңейтетін, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа белеске шығаратын құбылыс. Тілдерді оқыту және дамыту орталығы қолға алған бұл бастама жалғасын тауып, өзге өңірлерге де үлгі болады деп сенеміз. Себебі тіл үйрену – білім мен мәдениеттің, ал белсенді қартаю – қоғамның даму деңгейінің айнасы. Түркістандық қарттардың бастамасы – осы ақиқатты тағы бір мәрте айқындады.