РУҒА БӨЛІНУДІҢ ҚАСІРЕТІ НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ТҰТАСТЫҚҚА СЫНА ҚАҒУ

1002
0

1986 жылы Мәскеуде, 300 миллионға жуық халықты біріктірген бүкіл Кеңестер Одағына, Орталық телеарна арқылы берілген шығармашылық кешім өткен соң, мені Е.Евтушенконың өтінішімен КОКП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ю.Воронов қабылдады. Оның қабылдау бөлмесінде отырғанымда, осы бөлімнің бір белді қызметкері қасыма жетіп келіп: «Вы из какого жуза?» деп сұрады. Әлгінің қолына ұстаған дәптеріне көз салып ем, Қазақстанда, билік басында жүрген адамдардың қай жүзден, қай рудан екендігі кезек-кезегімен орнықты тізіліпті. Бұл сонау патшалық Ресейдің қол астында тұрған кезеңнен бастап, Кеңестік дәуірде жалғасын тапқан, «бөлшекте де, билей бер» деген жасырын идея қаруы, яғни, «бір руды келесі бір руға қарсы қойып басқару» саясаты екенін бірден ұға қойдым…
Егеменді ел атанғаннан кейін туған өлкем Отырарға барсам, ауданның жас-кәрісі түгелге жуық ру-руға бөлініп, әр ру өзінің Президенттерін сайлап жатыр екен. Сол тұста осындай шаралар Қазақстанның барлық жерінде дерлік бой көтерген-ді. Бұл қозғалыстың елдік, ұлттық мүдде жолындағы бірлікке, рухани тұтастыққа жасар кедергісі зор екенін ескертіп, бірнеше газет-журнал беттерінде, бүкіл елге ашық хат жарияладым. Ел Президентімен де жолықтым. Ол кісіден арнайы тапсырма да болды. Бірақ «Кеңес дәуірінде қыспаққа түскен ата-дәстүрімізге жаңаша көзбен қарайық» деген сылтаумен, ру-руға ыдырау үрдісі жыл сайын қанат жая түсті.
Әрине, әр адамның өз ата тегіне, бабаларының тарихына, олардың өнегелі істеріне тамыр жіберуі қажет. Онсыз біз өз ана тілі мен рухын, басқа ұлттың тілі мен рухына айырбастаған, өзінің түпкі тамырын, баба тарихын мойындамай, бірден «әлем азаматы» биігіне көтеріле салғысы келіп жүрген қазіргі космополиттеріміздің қатарына жақындаймыз. Бірақ, бір мәселе айқын. Сіздің өз ата-бабаңыздың, өз руыңыздың тарихына деген құлшынысыңыз бен құштарлығыңыз бүкіл халықтық, бүкіл ұлттық ортақ мүддемізге кедергі жасамауы және оған көлеңке түсірмеуі шарт. Сорымызға қарай осы ұлттық ұстанымға мүлде назар аудармайтын адамдар көбейді.
Қазіргі кезеңде рулық мүдделердің жазылмаған заңға айналғаны соншалық, кей жерлердегі басшылық қызметтегілер және еліміздегі кәсіпкерлердің едәуір бөлігі қарамағындағы орындарға негізінен өз руластарын ғана тартатын мінез қалыптастырды. Ұлттық бірлікке сына қағар осы қауіпті бағытты тоқтата алмасақ – азаматтығымызға, елдігімізге сын.

Елімізде ру-руға, ата-атаға бөліну –
Бар қазақты біріктірер тұтастықтан жеріну.
Ортақ ұлттық мүдделерден тасалану, шегіну,
Бір жағынан ата дәстүр қамқоры боп көріну,
Шын мәнінде тек туыстық мазмұнына теліну,
Ел бірлігін жояр жеке топ күшіне берілу;

Қай кезде де ұлт мүддесі тұтастықпен алға асқан,
Ата жаудан бүкіл қазақ тек бірлесіп қорғасқан.
Халқымызға даңқ сыйлады ортақ ұлы тұлғалар,
Тұлға кетсе ұлтқа шыншыл сенімменен кім қарар?
Қазір жұртқа ұлы тұлға – руының басшысы,
Тіпті Абай, Махамбет те секілді оның қосшысы.

Міне, қандай бағыт түзген рушылдық сезімдер?
Елдің мұңын бірге ойлаудан олар айқын безінген.
Өлімде де өзгелерден дербестігін сезіне,
Әрбір ру жеке бейіт салып алған өзіне.
Қайда барсаң руластар бір-бірімен жарысқан,
Рулық өр ескерткіштер қол созып тұр алыстан.

Қандастары қосыла айтып қану үшін құмардан,
Кейбір ру өзіне арнап әнұран да шығарған.
Рушылдық неге қазір көп қазаққа ұнайды,
Жолыққан жан неге алдымен руыңды сұрайды?
Әр адамға ата-тегін білу парыз десек те,
Одан өрбір пенделікті қоспаппыз біз есепке…

Енді қайттік, рушылдық таңғажайып күш алды.
Жалпыға ортақ ұлттық істер тізесінен тұсалды.
Рушылдық бұл кезеңде қамқорың ба, қасың ба?
Бәрімізге есеп берер кезең келді ғасырға.
Құнымыз не, еліміздің ертеңіне сенбесек?
Ұлтты сақтау мүмкін емес, рушылдықты жеңбесек!

Мұхтар Шаханов,
Қазақстанның халық жазушысы,
«Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері.
Рулық қозғалыстардың елдік, ұлттық тұтастығымызға, ортақ бірлігімізге қауіп төндіре бастағанын, әрі оған бүкіл ел болып тосқауыл қояр шақ әлдеқашан жеткенін ешкім жоққа шығармайды. Біз рушылдықтың көлеңке тұстары тудырған жоғарыдағы жанайқайды толығымен қолдаймыз және сол рушылдықты қоздыратын, оған жол ашатын себептерді қоғамда бүкіл халықтық түрде талқылауды, әрі бұл маңызды игі шаруаны жұрт санасына орнықтыруда Мемлекет, Үкімет тарапынан өрелі шаралар іске қосылады деп сенеміз.

Барлығы 143 адам қол қойды.