«ТАЛАП БОЛМАҒАН ЖЕРДЕ ТІРЛІКТЕ ӨНБЕЙДІ»

396
0

Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында адамдар арасындағы аурушаңдық көрсеткіштерінің мейлінше өсе түсуі көп жерлерде көтерілген мәселе болды. Оны шешу жолында ең әуелі ол жердегі бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытудың мәнісі зор еді. Осыған орай облыс басшылығының қолдауымен ауданның орталық емханасы толықтай жаңартылып, ондағы материалдық техникалық база қазіргі заман талабына сай жабдықталып 2009 жылы пайдалануға берілген болатын. Бір ауысымда 500 адамға дейін қызмет көрсететін емханадағы қарбалас жұмысты жүйелендірудің өзі оңай емес. Бірақ емхананың бас дәрігері Нәзира Әбжапарова жоғары білімі мен біліктілігінің арқасында өзіне жүктелген міндетті межелі түрде жүргізіп келеді. Жуырда Темірланға барып, ол кісімен тілдескенімізде бұған көз жеткізіп қайттық.

—Назира Бердібекқызы, әңгімеміздің әлқиссасын емхана жұмысынан бастасақ. Жүз мыңнан астам халқы бар аудандағы ағайынға көрсетіліп жатқан қызмет өз деңгейінде ме?

—Ордабасы ауданында халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің қол жетімділігін жоғарылату мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Яғни, біз, дәрігерлер мен орта буынды қызметкерлерді қайта даярлық курстары мен біліктілік дәрежесін көтеру бойынша оқытуға жіберуді, санаттылық көрсеткіштерін жоғарылатуды, жергілікті жерге қажетті мамандарды тартуды, ауылдық емханалардағы зертхана ісін сапалы жүргізуді, медициналық қондырғыларды іске қосуды, жедел жәрдем жұмысын жандандыруды жолға қойып келеміз. Бұл қызметке тағайындалғаныма екі жылдан аса уақыт өтті. Және осы уақыт аралығында аталған бағыт бойынша көптеген нәтижелі жетістіктерге қол жеткіздік. Жалпы аудан халқына амбулаторлық-емханалық медициналық көмек өз деңгейінде көрсетілуде. Бірақ әлі де шешімін күтіп отырған мәселелер де бар.

—Бүгінде аудандағы аурушандық көрсеткіші қандай? Жалпы жергілікті халық көбіне көп қандай әлеуметтік сырқаттар бойынша жиі тіркеуге алынып жатыр? Ауданда қанша ана мен бала өлімі тіркелді? Оның себептерін айта кетсеңіз…

—2015-2016 жылдары ауданымызда ана өлімі орын алмады. Жаңа туылған нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші бойынша ауданда соңғы үш жылдан бері биыл бірінші рет төмендеу тенденциясы байқалып отыр. Ана өлімін мүлдем болдырмау, сәбилер өлім-жітімін төмендету мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар бақылауымнан бір сәт те шыққан емес.
Ауданда аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым азайды. Бұл жоғарыда айтып кеткендей нақты жоспармен жұмыс жүргізудің игілігі болса керек. Бүгінде ауданда өкпе және тыныс алу органдары, зәр шығару жүйесі және жыныс органдары мен жүрек және қан тамырлары айналымы ауруларының таралу көрсеткіші жиілеп тұр. Сонымен қатар халықтың туберкулез және қатерлі ісік дертіне сырқаттану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Бір өкініштісі аталған ауру түріне шалдыққандардың саны жағынан біздің аудан облыста бірінші орында тұр. Ауру санының артуын нақты бір себеппен ғана көрсетуге болмайды.
Дегенмен ауданда туберкулезді алдын алу бағытындағы қызмет деңгейінің төмендігі ауру көрсеткішінің күрт өсуіне зор кері әсерін тигізіп отырғанын жасырып жабудың қажеті жоқ. Бірақ бұл тек медицина саласына тағылар кінә болмауы керек. Өкпе құрт ауруымен күресті тек ақ желеңділер ғана емес, қоғамның әрбір азаматы жүргізуі қажет. Ол тек денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, қоғамның проблемасы. Алайда өзге сала мамандары, ондағы басшылар, қызметкерлер, науқастардың өздері де соны түсінбейтіні, немесе түсінгісі келмейтіні өкінішті.
Сондай-ақ, қатерлі ісік ауруына шалдыққандар санының артуының да түрлі себептері бар. Бұл жайында сан түрлі зерттеулер болғанмен, нақты тұжырым жоқ. Бірақ қатерлі дертке зерттеу жүргізген мамандар қоғамның анықтауы бойынша адам ағзасында қатерлі дерттің пайда болуы көп жағдайда қоршаған ортаға таралған әртүрлі химиялық, физикалық және биологиялық ықпалдардың кері әсерінен туатынын алға тартуда. Негізінде, адам денсаулығына айтарлықтай әсер ететін көптеген жағдайларды 4 топқа бөлуге болады. Олар: генетикалық, денсаулық сақтау саласы, қоршаған ортаның әсері және адамның өмір сүру салты болып табылады. Ал осы факторлардың кез келген адамға кері әсер ететін деңгейі әрқалай. Мәселен, адамның өмір сүру салты – 50-55 пайызы болса, сыртқы ортаның әсері 20-25, генетикалық фактор 15-20 және медицина саласының әсері 8-10 пайызды ғана құрайды екен. Бұл мәліметтерге зер салсақ, адамның денсаулығы көп жағдайда өзіне байланысты болатынын терең түсіну қиын емес сияқты.

—Келтірген келелі ойыңызға рахмет.Енді емхананың материалдық техникалық базасы қандай? Қандай медициналық қондырғылар жеткіліксіз болып тұр?

—Орталық емхана халыққа қажетті диагностикалық зерттеулер өткізіп, ем-дом жүргізу үшін медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылғанын қуана жеткіземін. Бірақ науқастарға көрсетілетін медициналық қызметтерді дер кезінде көрсетуде дәрігерлер мен медбикелердің жұмыстарын айтарлықтай жеңілдететін ұйымдастыру техникаларының (компьютер, принтерлер) жеткіліксіздігі мен интернет желісінің мекемені толықтай қамтып жатпағаны өкінішті. Сонымен қатар, аудандық емханаға қарасты 52 нысанның 27-нің ғимараты тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нормативтер бойынша Ордабасы ауданында кемінде 11 жедел жәрдем бригадасы халыққа жұмыс жасауы керек. Ал бізде жедел жәрдем қызметін көрсететін 6 бригада бар. Олардың саны тым аз. Сондықтан да мамандарымыз тұрғындардан түскен барлық шақыруларды уақытында қамти алмайды. Көп жағдайда мекенжайға кешігіп барады. Нәтижесінде тұрғындар тарапынан біздерге қарата айтылған көптеген наразылықтар туындайды.

—Елімізде педиатр, эндокринолог, травматолог сынды дәрігерлердің аз екендігі көп жерлерде айтылып жүр. Әрине, бұл тек медицина саласының мамандарын алаңдатпайды. Білікті дәрігер қаншама науқастың дертіне дауа табатындықтан, бұл мәселе былайғы халықтың да көңілін күпті етіп отырған жайы бар. Қол астыңыздағы қызметкерлеріңіздің барлығы бесаспап маман ба?

—Қызметкерлердің барлығының кәнігі маман болуы кез келген бас дәрігердің ізгі тілегі. Осы мақсатта емхана дәрігерлерінің дәрежесін заман талабына сәйкестендіру мақсатында үздіксіз біліктіліктерін арттырудамыз. Мысалы, ағымдағы жылы 149 дәрігердің 75-і біліктілігін арттырды. Қол астымдағы дәрігерлердің барлығы қысқа мерзімде жүргізілетін түрлі тақырыптардағы шебер-класстарға қатысты. «Бесіктен бастап білім ізде» деген. Сондықтан да мұндай мақсаттағы іс-шаралар үнемі жүргізіліп тұрады. Жуырда біздер Оңтүстік Қазақстан облыстық фармацевтикалық акедемиясы, Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, облыстық балалар ауруханасы мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарын емханамызға арнайы шақырттық. Тәжірибені алмасу мақсатында ұйымдастырылған бұл басқосуларда қызметкерлеріміз көп нәрсені көкейге түйіп алды. Игілігі елге тиеді деп сенемін.

—«Ұжым екінші үйің» деген. Жалпы ұжыммен қарым-қатынасыңыз қандай?

—Әрине оған толық келісемін. Уақытыңның көп бөлігі әріптестер ортасында өтетіндіктен мұндағы адамдарға кейде бауыр басып қалғандай күй кешеді екенсің. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Оларға деген құрметім де зор. Сәйкесінше олардың да маған деген ілтипаты жақсы. Талапшыл болғанымды дұрыс қабылдап, әрдайым тапсырмаларымды тыңғылықты орындап жатады. Ең бастысы олардың жұмыста қатал болғаныммен, былайғы уақытта ізгі ниетті екенімді терең түсінетіні мені қуантады.

—Осыдан біраз уакыт бұрын қол астыңыздағы қызметкерлер тиісті орындарға Сізді мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол береді. Мамандармен дұрыс сөйлеспейді, емхана ішіндегі бөлмелерді жекеменшікке өткізген деген сынды арыз шағым түсірген. Бұл домалақ арыз ба әлде нақты дәлелге сүйеніп жазылған жәйт па?

—Білмейтіндеріңіз жердің астында екен. (күлді) Иә ондай мазмұндағы арыздар болды. Соған орай біздің мекемеге құқық қорғау органдары тарапынан 2015 жылы – 15, 2016 жылы – 8 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде әлгіндей арыздарда жазылған сөздердің бірде бірі расталмады. Сондықтан да ол арыздар қандай да бір дәлел-дәйекке сүйеніп жазылған болар деп болжау негізсіз. Оның нендей мақсатпен жазылғаны маған әлі күнге дейін түсініксіз. Әрине мен де адам баласымын. Олардың арыздарында көрсетілген нәрсе менің тәрбиеме, болмысыма жат. Сондықтан да біраз уақыт көңілімнің түскенін жасырмаймын. Сондай кездерде көптеген әріптестерім жалғанды жалпағынан басып, негізсіз жала жабу жағдайын бастан өткергенін айтып мені сабырға шақырды. Қолдау білдірді.
Жалпы бұл орынтақ менің меншігімдегі орным емес. Бұл жерде өмір бойы отырмайтыным ақиқат. «Ит үреді, керуен көшеді» деп тегін айтылмаған. Осы қызметті ешкімнен сұрап алғаным жоқ. Маған сеніп тапсырылды, алдыма нақты жоспарлар қойды. Сол мақсатта нәтижелі жұмыстар көрсету үшін ұжымнан сапалы жұмыс талап еттім. Өйткені талап болмаған жерде тірлік өнбейді. Бұл біреулерге ұнады, енді біреулерге жақпағаны анық байқалды. Яғни, өзінің пайдасын ғана ойлайтын, ешқандай еңбек тәртібіне көнбей жүріп үйренгендерге бұл аяқтан шалуға, «мүмкіндік» болды.

—Әңгіме арнасын Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары реформасына бұрсақ. Отыздыққа сүйрейтін Ұлт жоспарында денсаулық саласына тың серпін беретін үш қадам бар. Соның бірі 80-қадамда айтылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жүйесі екені белгілі. Осы туралы ойыңызды тарқатып айтсаңыз….

—Сарабдал саясатты ұстанған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадамда» ұлт саулығын мейлінше сауықтыратын бірнеше мәселені көтерген. Соның бірі Үкіметке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсыруы болды.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не? Ол азаматтардың арнайы құрылған қорға тапқан табысынан қаржы аударуы болып табылады. Және ол кезең-кезеңімен жүргізіледі. Ол қалай жүзеге асады? Бұл ретте жұмыс беруші 2017 жылдан 1 қаңтарынан бастап жалпы кіріс көлемінің 2 пайызын, 2020 жылға қарай 5 пайызын қорға жарна ретінде төлейді. Ал қатардағы жұмыскер жарна төлеуді 2019 жылдан бастайды. Ол кезде бірден 7 пайыз емес, алдымен айлығының 1 пайызын, 2020 жылы 2 пайызын аударатын болады. Ал кәсіпкер, заңгер, жеке сот орындаушылары, нотариус, қорғаушы, кәсіби медиаторлар сынды өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар 2017 жылдан бастап 2 пайыз, 2020 жылға қарай толықтай 7 пайызға дейін жарна төлейді. Ал кейбір топтағы адамдарға атап айтсақ, 18 жасқа дейінгі балалар, көп балалы аналар, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, зейнеткерлер және т.б. жандарға жарна төлеуді мемлекет өз жауапкершілігіне алады. Бұл жүйені қолданысқа енгізу арқылы біз медициналық қызмет сапасының артуына қол жеткіземіз. Қазіргі таңда халыққа тегін кепілді медициналық көмек беріліп жатыр. Бірақ бұл жүйе Сіздің еміңіздің барлығын қамтымайды. «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» деген. Дәрігер қанша жерден сырқаттанып жатқан адамға қол ұшын созғысы келгенмен, ол қызмет кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесіне енбесе, Сізге берілетін кейбір медициналық қызмет ақылы негізде жүзеге асады. Сондай уақытта науқастың қалтасында қаржысы болса жақсы, ал болмаса ше?! Жағдай қиындай түседі. Нәтижесінде түсінбестік, кінә арту сынды келеңсіздік басталады. Әрине мемлекетіміз үшін барлық азамат ардақты. Бірақ медициналық қызметтер бойынша мемлекет тұрғындардың түгеліне тегін көмек көрсетсе, қазынада қаржы қалмайды. Қазақстан осы тығырықтан шығу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізіп отыр. Бұдан ұтарымыз көп екенін білуіміз керек. Бұл жүйе арқылы Сіз кез келген уақытта, кез келген жерде сапалы ем алуға қол жеткізесіз.

—Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам уақытта егемендігіміз бүгінгі медицинамызға қандай серпін берді?

—Тәуелсіздік тек медицина саласына емес еліміздегі барлық саланың алға басып дамуына зор мүмкіндік берді. Өткенга салауат айтқан халықпыз ғой. Бірақ бұрындары осы денсаулық сақтау саласының жағдайы мәз емес еді. Мәселен, 1995 жылы денсаулық сақтау саласында еңбекақы көлемі 1499 теңге болатын. Заман талабына сай жарақтандырылған медициналық мекеме біз үшін арман еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы 64 жасты құрайтын. Және ол ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш-тін. Тұрғындар арасында ана өлімі, есірткіге тәуелділік, туберкулез дертімен тіркелу көп болды. Бұл проблемаларды жою мақсатында нақты жұмыстар қолға алынды. Соған сәйкес Елбасымыз 2002 жылды Денсаулық жылы деп жариялады. Сол уақыттан бері медицинада қаншама талай тың тірліктер қолға алынып келеді. Тәуелсіздік шежіресін ақтарсаңыз дәл осы жылдан бастап медицина саласына жасалған қамқорлық көп болды. Іргелі қала, облыс орталықтары былай тұрсын, барлық аудандардағы, елдімекендердегі емхана, аурухана жаңартылды. Материалдық техникалық база жақсартылды. Барлығы да талап деңгейінен табылып тұр. 2002 жылдан бастап бүгінге дейін денсаулық сақтау жүйесі мейлінше дами түсуде. Дәл сол 2002 жылдан бастап елімізде халық саны тұрақты түрде өсе бастады. Мұндай көңіл жадыратар жәйттерді айта берсең тізім түгесіледі. Жалпы қазақ елі үшін тәуелсіздік талай баяндылықтың бастауы болды. Сондықтан да егемендігіміз әрдайым еңселі болғай.

—Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.