«Денсаулық сақтау ісінің жаңа сатыға  көтерілуі – тәуелсіздіктің тәтті жемісі»

«Денсаулық сақтау ісінің жаңа сатыға көтерілуі – тәуелсіздіктің тәтті жемісі»

             Мәди Қожаұлының кіндік қаны тамған жер – Ресей Федерациясы. Дәлірегі, Самара облысына қарасты (бұрынғы Куйбышев облысы) Кинель-Черкассы ауданының “Рабочий” совхозында қарапайым ша-руаның шаңырағында дүниеге келген. Ата-бабалары ол жаққа ашаршылық жайлаған сонау 1928 жылы Орал өңірінен көшіп барған екен. Біздің кейіпкеріміз – бір жанұядан түлеп ұшқан алты баланың екіншісі. Жалпы, бұл өнегелі отбасыдан 4 дәрігер шықты. Дәм-тұз бұйырған шығар, М.Биғалиев оқуды 1974 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтынан бастап, соңғы курстарды Алматы мемлекеттік медициналық институтында жалғастырды. Сөйтіп 1982 жылы «емдеу ісі» мамандығын игеріп шықты. 1982-1983 жылдары хирургия саласы бойынша Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық аурухана базасында интернатурадан өтті. Ал, оқу орнын тәмамдап, нағыз дәрігер атанған соң, арнайы жолдамамен Оңтүстікке жіберілді. Еңбек жолы Облыстық клиникалық ауруханадан басталды. 1991 жылдан 2000 жылдың тамыз айына дейін осы ауруханада №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Сонымен қатар 1992 жылдан 2000 жылдың тамыз айына дейін ОҚО Денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі қызметін қоса атқарды. 2000 жылдың тамыз айында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық қызмет саласы бойынша орынбасары, ал, араға екі жыл салып аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Бақытына орай Жаратқан иеміз оған талай жүрегі кең азаматтарды жолықтырды. Хирург болып қалыптасуына Вагид Алиев, Дербісәлі Сексенбаев, Владимир Ким, Толықбай Қыдырбаев, Оңласбек Құлекеев сынды білікті дәрігерлердің мол септігі тиді. 2002 жылдың 20 қарашасынан бастап, Д.Сексенбаевтан кейін облыстық клиникалық аурухананы басқарды. Докторлық диссертациясын қорғауына байланысты 1 жылдай уақыт, яғни 2007-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекттік медицина академиясының «Жалпы және госпитальді хирургия» кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. Ал 2008 жылы ақпан айында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалып, күні бүгінге дейін осында үлкен ұжымды басқарып, абыройлы қызмет атқаруда.

– Зымырап бара жатқан уақыт, Мәди Қожаұлы, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының қос тізгін, бір шылбырын қолға мықтап ұстағаныңызға да әне-міне дегенше он жыл болыпты. Сұхбатымызды өткен күндерге шегініс жасап, осы он жылдың бедерін бір шолып шығудан бастасақ. Себебі бұл мерзім – аз да, көп те емес, әйткенмен белгілі бір нәтижелерге қол жеткізетін, ерен еңбектің жемісін көретін кезең.

– Бұл ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалғаным кеше ғана сияқты еді, он жыл өте шыққан ба, шынымен?! Ауызды қу шөппен сүрткенім емес, бірақ ақиқатты жасырып-жауып қайтемін, он жыл бұрын мұнда келгенімде, бейнелі түрде айтқанда, құр қабырғадан басқа дәнеңе жоқ еді. Жұрдай. Обалы не керек, ғимаратты мемлекет күрделі жөндеуден өткізіп берген екен, алайда ауруханаға тиісті құрал-жабдықтардың ешқайсысы алынбапты. Тіпті ең бірінші кезекте қажет етілетін жұмсақ һәм қатты жиһаз атаулыдан да іліп алар ештеңе жоқ. Науқастарға арналған кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары жетіспейді.
Медициналық құрал-жабдықтардан да мақұрым. Сенесіз бе, мен бұл жерге келгенімде, аурудың санаулы түрлеріне ғана шұғыл медициналық көмек көрсетілетін. Мысалы, соқырішекке, өт жолының қабынуына, жарық (грыжа) ауруларына ғана ота жасалатын. Ал нейрохирургия бөлімінде ота жасалмайтын, тек миы шайқалғандарды емдеумен шектелетін. Инсульт бөлімі болатын, бірақ ондағы емделушілерге диагноз жөнді қойылмайтын. Өйткені компьютерлік томография құрылғысы жұмыс істемейтін. Тек ине шаншиды, болды. Сөйтіп үйіне қайтарады. Ол адамдардың беті не бері қарайтын, не ары қарайтын. Жарақат (травматология) бөлімінің де қауқары шамалы еді, гипс қоюдан әріге бармайтын. Гинекология бөлімінде де бір отаны қайталап жасап жататын. Урология бөлімінде цистоскоп деген қондырғыдан басқа ештеңе жоқ-тын. Хирургия бөлімі де құрал-жабдық атаулыдан құралақан. Жан сақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында жататын науқас үшін жай ғана тыныс алу құрылғысы жоқ.
Не істейміз? Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Қарап отырсақ, аспаннан шұға жаумайды. Алдымызға айқын мақсат қойып, басымдықтарды белгіледік. Біріншіден, наркоздық-тыныс алу аспаптарын алуымыз керек. Екіншіден, ота жасайтын блоктарға құрал-жабдықтар алып, хирургиялық аспаптарды жаңарту керек. Эндобейнескопиялық қондырғы алдыру керек. Ота жасау барысында ағзаның кесілген бөлігіндегі қанды ұйытуға арналған заманауи арнайы коагуляторлар болуы қажет. Келген бетте алғашқы жылы-ақ 500 милион теңгеге жиһазға, төсек-орын жабдықтарына, медициналық қондырғыларға қол жеткіздік. Төсек жаймаларын жуатын орынның халі де аянышты екен, ол жерге жөндеу жүргізіп, кір жуғыш, үтіктеуіш машиналар алдық. Осылайша заманауи УДЗ, эндоскопиялық қондырғылардың, жарақат, хирургия бөлімдеріне қажетті құрал-жабдықтардың барлығын түгелдеп қойдық. Бес қаруымыз сайланған соң, шаруамыз да оңға дөңгелей бастады…
Содан 2013 жылы ой келді: «Астана мен Алматы қалаларында бүйрек, бауыр ауыстыру оталары жасала бастады. Неге бізге де трансплантацияны қолға алып көрмеске?». Бұл жөнінде сол тұстағы облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловпен ақылдастым. Бірден қолдау танытты. Ең әуелі Оңтүстік Кореяның мамандарымен байланысқа шығып, бүйрек ауыстыру оталарына қам-қарекет жасай бастадық. Бұл жұмысты өз деңгейінде жүзеге асыру үшін алдымен екі команда жасақтадық. Бірі – Белоруссияға, екіншісі Оңтүстік Кореяға кетті. Біздің мамандарымыз осы екі мемлекеттен көп нәрсені үйреніп, көріп келген соң, Оңтүстік Кореядан трансплантологтарды шақырып, ота жасауға кірістік. Шамамен он бес шақты отадан кейін, 2014 жылы шетелдік әріптестеріміздің араласуынсыз-ақ бүйрек трансплантациясын толығымен өзіміз игердік. Есептеп қарасам, күні бүгінге дейін бұл бағытта жасаған оталарымыздың саны 90-нан асыпты. Барлығы да осы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасындағы хирург-трансплантологтардың, анестезиологтардың, реаниматологтардың, УДЗ диагностикасы мен зертханадағы мамандардың күш-жігері мен кәсіби біліктілігі арқасында жүзеге асуда.
Ал 2015 жылдан бастап бауыр ауыстыруға ден қойдық. Ол үшін әдепкіде Белоруссиядан мамандар шақырып, бірлесе отырып екі ота жасадық. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 13-ке жетті. Биылдың өзінде 7 отаны ешкімнің көмегінсіз, өзіміз жасадық.

– Өзіңізді жұртшылық бұрын алтын қолды хирург ретінде таныса, енді трансплантолог ретінде мойындай бастады. Мұның бәрі айналаңызға «ұстаздан шәкірт озар» дейтіндей дәрігерлерді шоғырландыра алғандығыңыздың жемісі болса керек.
– Әрине, жалғыз емеспін. Абылай Донбай, Рахымжан Әліпжанов, Дәурен Қабылов, Тайбек Садықов, реаниматологтар Оңалбай Нарманов, Ғазиз Құрманбеков сынды бесаспап дәрігерлеріміз бен ота жасау бригадасының медбикелері – қазіргі таңда өте мықты команда. Тамырларды өзара жалғап, тігетін Бауыржан Байтөре атты кардиохирургіміз бар. Міне, осындай тәжірибелі мамандармен ынтымағымыз жараса жұмыс істеп келе жатырмыз.
Трансплантацияны біршама жолға қойған соң, «Миға ота жасауға неге бел бумасқа?» деген ой келді. Содан мидың тамырларын тексеретін заманауи ангиографиялық аппарат алдық. Жапониядан шыққан. Аталмыш кешеннің арқасында бас сүйекті кеспей, тамыр арқылы ота жасауға болады. Егер мидағы тамырларда қан ұйып қалса (тромб), немесе тамырлар тарылса, соған стент қоятын Жасұлан Жиренбаев, Нұржан Қаратаев деген жігіттерді Литваға, Минскіге жіберіп оқыттым. Олар бүгінде тамырлардағы ұйыған қанды шығарып алып, ми күретамырына, ұйқы күретамырына, миішілік күретамырға стент қойып жүр.
Бұдан бөлек қан жүрмей қалған аяқ тамырларына да стент қоямыз. Баллондық дилатация жасаймыз. Осының барлығын өзіміздің мамандар атқарып жатыр. Мұның бәрі – жетістік. Ал жетістік – ізденістің нәтижесі.

– Трансплантацияны дамыта отырып соңғы жылдары қажетті медициналық құрал-жабдықтардың баршасын түгелдеп алдыңыз ғой деймін.
– Трансплантация жасау үшін, әрине, бірінші кезекте маман мықты болуы керек. Ал өз кезегінде мықты маманның қолында озық, сапалы медициналық құрал-жабдықтар болуы қажет. Өйткені жан-жақты білім алған, мол тәжірибе жинаған кадр медициналық аппараттарсыз, қарапайым ғана жіп пен қайшы сияқты аспаптарымен ештеңе істей алмайды. Сондықтан біздің аурухана бүгінде компьютерлік томограф, УДЗ, эндоскопиялық қондырғылар, тромбоэластограф, коагулометр, т.б. құрал-жабдықтармен толық қамтылып отыр.

«Бір жылда жамбас-ұршық, тізе буындарына 100 ота жасадық»

– Өзге бөлімдердің тыныс-тіршілігі қалай?
– Жарақат бөліміне келсек, бүгінде мұнда көптеген ілгерілеушілік бар. Мәселен, аяқ, жамбас, қол сүйектері сынғанда, ол дұрыс бітуі үшін баяғыда гипс қоятынбыз, енді оны ұмыта бастадық. Қазір сүйек кемігі ішілік остеосинтез (интрамедуллярный остеосинтез) әдісі қолданылады. Оның механизмі былай: сынған сүйекті өзара кіріктіру үшін 0,5-1 сантиметр тіліп, тесіп, темір өткізіп, бекітіп қояды. Болды. Сыртынан әншейін иілгіш бинт орайды. Жарақат саласы сүйек сынғанда гипс салудан біртіндеп іргесін аулақтатып жатыр.
Сондай-ақ буындарды ауыстыруды да еркін меңгердік. Мәселен, бір жылдың ішінде жамбас-ұршық, тізе буындарын ауыстыру бағытында 100 ота жасадық.

– Керемет көрсеткіш!
– Әрине! Ауыз толтырып айтатын-ақ жетістік. Сонымен қатар урология бөлімінде де табыстарымыз жетерлік. Мақтанғаным емес, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең таңдаулы урологтар – біздің ауруханада. «Неге?» десеңіз, олар арнайы эндоурологиялық әдіспен бүйректегі тастарды уатады немесе аспаппен суырып алады, яғни кеспейді. Тасты бөлшектеп жіберуді лазер сәулесі арқылы жүзеге асырады. Ал аденоманы үрпі арқылы сылып тастау (трансуретральді резекция) әдісі қолданылады.
Гинекология бөлімі де едәуір алға жылжып кетті. Мәселен, мұнда қандауыр пышақ пайдаланбай-ақ лапароскопиялық оталардың барлығы жасалуда. Ангиографиялық аппараттың көмегімен әйелдерде кездесетін миома дертін жазудың жолын таптық. Бұл ретте бұрынғыдай жатырды алудың қажеттілігі болмай қалды, тамырына дәрі жібереді, бітті, ол өзінен-өзі түсіп қалады.

– Мәке, Сіз алған асуларыңызды, бағындырған биіктеріңізді, шыққан шыңдарыңызды қанағат тұтып, тоқмейілсіп қалатын адам емессіз. Ұдайы ізденісте жүресіз. Көкейде пісіп-жетіліп жатқан тың ойлар, соны жоспарлар бар шығар?
– Менің үнемі ойымда жүретін жәйт – бүйрек пен бауыр трансплантациясын әрі қарай дамыта түсу керек. Өйткені, қазір көрген-түйгені мол, тәжірибесі зор командамыз қалыптасты, Оңтүстік Кореяда, Мәскеуде, Минскіде оқып келген мамандарымыздың қатары толықты, ешқайдан ешкімді шақыруымның қажеті жоқ, мастер-класс өткізбеймін. Енді тек алға адымдай беруіміз керек. Бұл – бір. Екіншіден, ангиографиялық кешеннің арқасында ми тамырларына ота жасауды жетілдіре түскіміз келеді. Яғни ми тамырларын стенттеуде, бітеліп қалған тамырларды ашуда (эмболизация), тамырлардағы ұйып қалған қанды (тромб) ерітіп жіберуде (тромболизистік терапия) атқарылатын тірліктер көп.
Ал жарақат саласы бойынша жамбас-ұршық және тізе буындарын ауыстырып қана қоймай, иық буындарына шейін баруымыз керек. Себебі біздің қол ұшын созғанымызды күтіп отырған науқастар бар.

Гинекология жағынан да істелер жұмыс ұшан-теңіз

– Оның үстіне кеше ғана – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан пайдалануға берілген 3 қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық-ота жасау корпусы да Сіздерге орасан міндет жүктесе керек?
– Өзі бұл ауруханамызды кеңейтуді көптен бері ойластырып жүргенмін. Тың бастамаларды қолға алып, жүзеге асырған сайын мына ғимарат бізге тарлық ете бастады. Мысалы, ота жасайтын орын аздық етіп жатты. Жан сақтау бөлімі де бейімделген ғимаратта жұмыс істеді. Науқастар сыймайды. Нейроинсульттік бөлімнің де жағдайы сол деңгейде еді. Міне, осындай қысылып-қымтырылуды болдырмау мақсатында облыс басшылығына жаңа, еңселі ғимараттың құрылысын жүргізу керектігін айттым. Оның ішінде үлкен қабылдау бөлімі, диагностикалық құрал-жабдықтар (УДЗ, эндоскопия, МРТ, рентген, т.б) болуы керектігін жоспарладық. Екінші қабатта бүкіл қолайлы жағдай жасалған, пациенттерді қабылдау сыйымдылығы жоғары жан сақтау бөлімі болғанын қаладық. Ал үшінші қабатында 6-7 ота жасау блогын ашқымыз келді. Өйткені мұнда ота жасау үстелдері жетіспейтін. Дәрігерлер мен науқастар қашан ол үстел босағанша, кезегін күтіп тұратын. «Шіркін-ай, хирургтердің өз алдына, нейрохирургтердің өз алдына, травматологтардың өз алдына, гинекологтердің өз алдына, урологтардың өз алдына, соқырішекпен, пышақталып, жол-көлік апатына ұшырап, күні-түні шұғыл жағдайда түсетін науқастарға өз алдына бөлек ота жасайтын залдары болса ғой!» деп армандаушы едік. Шүкір, сол арманымыз ақыры орындалды. Ол үшін Елбасыға, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихатқа алғысымыз шексіз. 2015 жылы басталған құрылысқа 4 миллиард 50 миллион теңге бөлініп, игі тірліктің бас-аяғына толық жетті. Қатты және жұмсақ мүкәммал, медициналық құрал-жабдықтар – бәрі-бәрі соның ішінде.
Денсаулық сақтау нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, корпусты аралап көріп, жоғары деңгейде атқарылған шаруаға оң бағасын берді. Бұл ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері орналастырылса, екінші қабатында – палаталар мен жан сақтау бөлімі, ал үшінші қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 47 төсек-орын қарастырылған.
Қазір біртіндеп кейбір бөлімдерді сонда көшіріп жатырмыз. Соның есебінен енді пайдаланып жүрген ғимаратымыз кеңеюде. Мәселен, бұған дейін асқазан-ішек жолдары бөлімі мен нефрология бөлімі терапия бөлімімен бір қабатта сығылысып отыратын. Енді үшеуі бөлек-бөлек орналасады. Терапия бөліміндегі палаталарда бұрындары 6 пациент жатып, ем қабылдайтын, бұдан былай 3 адамнан аспайды. Ал трансплантациямен айналысатын панкреатобилиарлық хирургия бөлімі өз алдына бөлек шығады. Шұғыл хирургия мен нейрохирургия да солай, бір-бірімен шатасып жатпайды. Жан сақтау бөлімі орналасып келген қабатқа инсульт орталығы барады. Инсульт орталығының ғимараты физиобөлімге бұйырмақ.

– Расында да, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының осыдан он жыл бұрын Мәди Биғалиев қабылдап алған кезеңдегі жай-күйі мен қазіргі көрінісінің арасы жер мен көктей екен ғой.
– Және осы жетістіктеріміздің барлығына да халық куә. Көпшіліктің көз алдында ғой төккен теріміздің қаншалықты нәтиже бергені.

– Астана мен Алматыдан қалыспай, ОҚО-да бүйрек, бауыр трансплантациясы қарқынды жүріп жатқанына қуаныштымыз. Осы жобаның iске асуына өзiңiз бас болып келесiз. Дегенмен бұл жауапты тірлікті жүзеге асыруда шешiмiн таппаған мәселелер бар ма?
– Бар. Сапалы кадрдан да, медициналық құрал-жабдықтан да кенде емеспіз-ау, бірақ біз әзірге тек қана туыстық трансплантациямен шектеліп тұрмыз. Яғни науқастың туысқандарынан бүйрегінің біреуін немесе бауырының жартысын алып, орналастырамыз. Тірі адамның мүшесін отамен алып, оны мұқтаж адамға салу жауапкершілікті қатты талап етеді. Бір мезгілде екі адамның да өміріне жауаптысың. Сондықтан тек туыстық донор тәсiлiмен бiз алға жылжи алмаймыз. Мәйiт донорлығын жолға қоймайынша, мәселе шешiмiн таппайды. Өкінішке қарай, біздің халық дүниеден өткелі жатқан туыстарының ішкі органдарын бергісі келмейді. Айталық, бүгiнде инсульттен, «ми өлiмiмен» ажал құшып жатқандар көп. «Ми өлiмi» диагнозы қойылғандар қайтып қатарға қосыла алмайды. Сол кезде ағайын-туыстары дәрігерлерге оның бүйрегін, бауырын, жүрегін алуға рұқсат етсе, құба-құп болар еді.

– Бұл түйткілді шешудің тетіктерін қалай қарастыруға болады?
– Елiмiздiң заңы мәйiт донорлығын қолдағанымен, «науқастың екi туысы жазбаша түрде ағзасын алуға рұқсат беруi керек» деген пунктi бар. Осы пункт көп мәселеге қолбайлау болып отыр. Алайда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе сияқты басқа облыстарда қалың бұқара мәйіт донорлығына түсіністікпен қарап, өмірден озған туыстарының ішкі мүшелерін кәдеге асыруға беріп жатыр. Бірақ біздің Оңтүстікте мұны іске асыру қиынға соғуда. Неліктен? Бұл жерде бар гәп – жергілікті жұртшылықтың менталитетінде. Мұсылманшылығымыз күшті. Сенесіз бе, миы өліп, талқаны таусылған адамның бір емес, төрт адамның өмірін ұзартуға септігі тиеді. Сондықтан, менің ойымша, осы орайда халыққа үгiт-насихат жұмыстары үздiксiз жүргiзiлуi тиiс. Дін өкілдері мол мағлұмат берiп, жан-жақты түсiндiруі керек. «Дөңгелек үстел» мәжiлiстерiн ұйымдастырып, бұл мәселенi әлеуметке кеңiнен түсiндiрiп, сол арқылы мәйiт донорлығын жүйелі түрде қолға алмасақ, трансплантологияның көсегесін көгерту қиын. Мәселен, бауырды не бүйректi донорға қарағанда мәйiт ағзасынан алып-салғанның артықшылығы өте көп. Бiрiншiден, қауiпсiз. Бiр адамға ғана жауапты боласың. Туыстық донорда екi адамның өмiрi үшiн жауаптысың. Мәйiт донорлығын жолға қоймасақ, бiз медицинаның бұл саласында артта қалып кетемiз. Егер елде трансплантология саласы дамымаса, онда мемлекет дамыған елдердiң қатарына кiре алмайды. Елдiң даму көрсеткiшi жүрек қан тамырлары хирургиясының өркендеуiне, сосын екiншi орында трансплантологияның даму көрсеткiшiне байланысты. Сол себепті бiз осы саланы дамытуға күш салып жатырмыз.
«Біздер латын әрпіне көшуге дайынбыз»

Мәди Қожаұлы, Алматы мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, жауапкершілік жүгі ауыр еңбекке араласқаныңызға 35 жыл болыпты. Үш мүшелге жуық бұл мерзім ішінде Сіз білікті дәрігер ретінде қалыптастыңыз, өстіңіз, шыңдалдыңыз. Не түйдіңіз көкейге?
– 35 жыл бірден зулап өте шыққан сияқты. Иә, алғашқы он жылдың көптеген қиындықтары болды. Мен үшін ол хирургияның қыр-сырына үңіліп, үйрену кезеңі еді. Ал кейінгі ширек ғасыр, әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарайғы жылдар бір күнде өтіп кеткендей әсер қалдырады. Қандай табысқа қол жеткізсек те, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қадам басып келеміз. Рас, қиыншылық болды. Әсіресе, 90-жылдардың ішінде. Жалақы жөнді төленбеді, медициналық құрал-жабдықтар тапшы, дәрі-дәрмек жетіспейді, ауруханада пациенттерге берілетін азық-түлік жоқ… Осының бәрін көзбен көрдік қой. Алайда мемлекет басшысы бұл қиын-қыстау күндердің барлығы да уақытша екеніне сендіріп бақты. Сол себепті біз қандай ауыртпалықты бастан өткерсек те, жақсы күндерден күдерімізді үзбедік. Соңыра Елбасының айтқаны айдай келді, игіліктің бәрі пайда болды. Қазір ешкімнен кем емеспіз. Құдайға шүкір, «Еңбекақы қашан беріледі?» деп бас қатырмайсың. Уақытылы қолыңа тиеді. Дәрі-дәрмектен таршылық көрмейміз. Мұндағы дертіне дауа іздеп келген жандарға берілетін ас-ауқаттан да ұялмаймыз, тіпті кейбір пациенттеріміз «Үйде мұндай тамақ жемейміз» дегенді жасырмай айтады. Азық-түлік мол. Оның үстіне мен тамақ пен дәрі-дәрмек жағын қатты қадағалаймын. Сыбайластық орын алмауын жіті бақылап отырамын.
Сайып келгенде, денсаулық сақтау ісінің жаңа сатыға көтерілуі, отандық медицинаның заманның озық көшіне ілесуі – тәуелсіздіктің тәтті жемісі, елдегі бейбітшілік пен бірліктің арқасы, Президент жүргізіп отырған саясаттың дұрыстығы.

– Небір тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан елдің көшін өрге сүйреп келе жатқан Елбасының жанқиярлығы мен табандылығын тілге тиек етіп қалдыңыз ғой, сөздің орайы кеп тұрғанда пікіріңізді біле кетейінші, мемлекет басшысы латын әрпіне көшу туралы бастама көтеріп жатыр. Әдетте медицинаның тілі латынға әлдеқайда жақын ғой.
– Біздер латын әрпіне көшуге дайынбыз. Өйткені әріптердің барлығы медицина қызметкерлеріне бұрыннан таныс. Сондықтан меңгеріп кетуде ешқандай қиындық тумайды. Бұл – бір. Екіншіден, латын әрпі өзге халықтарға қазақшаны үйренуге мүмкіндік ашады деп топшылаймын.

Қателеспесем, Сіз ең алғаш рет 1999 жылы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Ал 2003 жылғы саяси додада ОҚО мәслихаты депутаты атандыңыз. 2007 жылғы сайлауға докторлық диссертация қорғауыңызға байланысты қатыса алмағандығыңыздан да хабардармыз. 2012 жылғы саяси науқанның нәтижесі белгілі: Шымкент қаласындағы №7 округтен облыстық мәслихат депутаты болып сайландыңыз. Әйткенмен соңғы сайлауда төбе көрсетпедіңіз. Неге?
– Мына ауруханада жұмыстың ауқымы артып кетті. Сол себепті сайлауға түсуге әрекет жасамадым.

– Әлде жергілікті билік тарапынан шектеу, талап болды ма?
– Жо-жоқ, ондай ешқандай талап болған жоқ. Керісінше, облыстың сол тұстағы әкімі Бейбіт Атамқұлов маған «Сайлауға түссеңізші» деп ұсыныс жасаған-ды. Өзім саналы түрде бармадым сайлауға. Жалпы, облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезiмде мандатымды пайдаланып, өзiм басқарып отырған ауруханаға халықаралық талаптарға сай жаңа ғимарат салдыртуды қолға алып едім. Бастамам қолдау тауып, қазынадан қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс басталды. Сондықтан осындай үлкен, игі тірліктің дөңгелегі айналған соң, соны соңына жеткізуге бар күш-жігерімді салдым. Мені сайлауға барғызбаған – осы фактор ғана. Маған «барма», «өткізбеймін» деген әңгімелер айтылған емес. Оның үстіне маған ондай әңгіме айтып, райымнан қайтару қиын. Себебі мың жерден менің жолымды кес-кестесе де, неше рет жеңіске жетіп жүрген округімнен ұтып шығар едім. Ондағы электорат мені жақтап, 100 пайыз дауыс беретініне сенімдімін.

– Сәтін салса, келесі сайлауда бабыңыз бен бағыңызды сынап көрмек ниетіңіз бар шығар?
– Оған аман-есен жетіп алайықшы. Бұйырса, көрерміз.

– Жан дүниеңізге қайсысы жақын: саясат па, медицина ма? Мұны сұрап отырғаным, бірнеше мәрте мәслихатқа депутат болдыңыз. Бұл саясатқа араласуыңыздың бір белгісі емес пе?
– Маған медицина жақын. Саясаттан алыстаумын. Медицинада мен өзімді судағы балықтай сезінемін. Ал депутат болу арқылы тек басы ауырып, балтыры сыздап, алдымызға келген адамдарға ғана емес, жалпақ жұрттың әл-ауқатын жақсартып, саялы көлеңкемізді түсіруге мүмкіндік туады. Жалпы, дәрігер депутат ретінде мен мәслихатқа барып, өз қамымды күйттеген емеспін. Бір мәселе көтерсем, ол менің жеке басыма қатысты болмайды. «Аурухана, емхана салу керек, еңбекақы мөлшерін көбейту керек, қандай құрал-жабдық аламыз?..» деген сықылды көпке ортақ әңгімені айттым. Сондықтан менің бұған дейін депутат болып сайланғанымда пәлендей саяси астар да, мақсат та жоқ. Тек әлеуметтік мақсат. Елдің жағдайын жақсартып, Оңтүстіктің әлеуетін көтерсек деген мақсат-мұрат қана. Оның үстіне кім болсам да, қай қызметтің құлағын ұстасам да, өмір бойы мемлекетке жұмыс істеп келе жатырмын.

– Алла нәсіп етсе, екі жылда пайғамбар жасына толасыз. Қариялыққа дайындығыңыз қалай?
– Қазір алпыстан астық қой. Бірақ өзімді қарт сезінбеймін. Ішкі дүнием әлі жассың дейді. Жүрегім 53-55 жасты көрсетіп тұрғандай.

– Зейнетке шыққан соң да дәрігерлік қызметіңізді жалғастыра бересіз бе?
– Әлбетте. Ғылыми атақ-дәрежем бар: медицина ғылымдарының докторымын, профессормын. Абай атамыз айтпақшы, «бойда – қайрат, ойда – көз» барда, неге әлеуетімді пайдаланып, еңбек етпеске?!

– Перзенттеріңіз жолыңызды қуды ма?
– Қызым – дәрігер. Кардиолог. Облыстық кардиологиялық орталықта жұмыс істейді. Ал екі ұлым – заңгер. Өздері сол саланы таңдады.

– Туған балаңыздан кем көрмей тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар болар?
– Бес-алты шәкіртім бар. Менің тәрбиемді әбден бойларына сіңірген. Өзім сияқты еңбекқор, уақытпен санаспай жұмыс істейді. Өзіме қалай сенсем, оларға да солай сенемін.

– Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың жергілікті денсаулық сақтау саласының өсіп-өркендеуіне көзқарасы, қамқорлығы қалай?
– Жансейіт Қансейітұлының мұндағы медицинаға, ондағы қызметкерлерге деген көзқарасы өте керемет. Өйткені бұл кісі мемлекет басшысының қасында жүріп шыңдалған, елдің сеніміне ие болып, талай үлкен қызметтерді атқарған. Түнеугүні жаңадан салынған корпусымыздың тұсауын кесуге арнайы ат басын бұрғанда, уақытының тапшылығына қарамастан, ерінбей, аурухананы түгел аралап шықты. Тыныс-тіршілігімізбен етене танысты. Ұжым қызметкерлері «Облыс әкімі медицинаның көкейкесті мәселелерінен хабардар екен ғой» деп, Ж.Түймебаевтың жанашырлығын тілге тиек етіп жүр. Ол сөздің жаны да жоқ емес. Себебі облыс әкімі өңірдегі медицина өкілдерімен саланың өзекті мәселелері төңірегінде ақылдасып, ара-тұра кездесіп тұрады.

– Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан түрлі бастама-ұсыныстарыңызды, идеяларыңызды қолдап-қуаттау жағы қалай?
– Басқарма басшысы Мұқан Кеңесбекұлымен бұрыннан жақсы таныспыз. Медицинаның ыстық-суығына қатар төзіп, бірге еңбек етіп келе жатырмыз. Бір-бірімізді етене танимыз. Кімнің қалай жұмыс істейтінін, қай бас дәрігердің әлеуеті қандай екенін М.Егізбаев жақсы біледі. Мен де ол азаматтың іскерлігін бағалаймын. Оңтүстіктің медицинасының дамуына өз үлесін қосып жатыр. Әсіресе, біздің трансплантацияны ілгерілетуімізге зор қолдау көрсетуде. Себебі трансплантация – барлығымыз үшін абырой. Енді оны тоқтатпау керек. Егер тоқтатсақ, басқа облыстағыларда «Бір адамға қарап отыр екен ғой…» деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Бір қуанатыным, қазір бүйрек пен бауыр ауыстыру бір адамға қарамайды: өзімнің командамды әбден үйретіп қойдым. Оның құрамында жиырма шақты адам бар. Тек хирургтер емес, урологтар да, анестезиологтар да, зертханашылар да, УДЗ дәрігерлері, компьютерлік томография дәрігерлері де, рентгенологтар да, медбикелер де, санитарлар да қамтылған.

– Шетелмен байланыс үзілген жоқ па?
– Шетелмен байланысымыз тығыз. Осыдан 1-2 сағат бұрын ғана Минскімен сөйлестім. Қай отаның қалай өткенін өзара ақылдасамыз. Мәскеудің, Санкт-Петербургтің, Оңтүстік Кореяның, Израильдің, Италияның мамандарымен үнемі хабарласып тұрамын.

– Бауыр ауыстыруға жасалған оталардан кейін асқынулар байқалмай ма?
– Әзірге жоқ. Бірақ бауыр трансплантациясы өте қиын.

– Уақыт тауып, ашық-жарқын сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Шаңырағыңызға – амандық, ісіңізге – сәттілік, үлкен ұжымыңызға ынтымақ, бірлік тілейміз. Әрқашан көптің алғысын арқалап, ықыласына бөленіп, биіктерден көріне бергейсіз!

Сұхбаттасқан
Айбар МЫҢЖАСАР.

ПІКІР ЖАЗУ