«КЕЗ КЕЛГЕН ӨЗГЕРІС ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ЖАСАЛУЫ КЕРЕК»

515
0

Осы аптада құрылғанына екі жарым жылдан аса уақыт толған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта өткізілген жиында бірнеше тың бастамалар айтылды. Президент әрбір бастаманың мән маңызына тоқталып, оны түсіндірді. Осы бағытта Үкіметке тиісті тапсырма бермес бұрын құрылғанына екі жылдан асқан кеңестің қысқа мерзім ішіндегі жұмысына шолу жасады.

Сөзінің әлқиссасында Президент Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде біраз жетістіктерге жеткенін, бірақ оған тоқмейілсіп, тоқтап қалмай алға қарай ұмтылуымыз қажеттігін, соған сәйкес, саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастыруда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Құрылған күннен бастап тиімді пікірталас орталығына айналған кеңес басқосуларында сантүрлі бастамалар көтеріліп, олар жан жақты талқыланып, елге қажет және өміршең ұсыныстар нақты реформаға ұласқанын жеткізді. Соның жарқын мысалы ретінде кеңес көтерген бастамаларды жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданғанын (заңдар, Президент Жарлықтары, Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары) келтірді.
Ұлтық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасымен қабылданған нормативтік-құқықтық актілер негізінде екі жарым жыл ішінде атқарылған жұмыстарды Президент «болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды. Осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсауға болады. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданды. Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Соның нәтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді»,-деді.

Осыдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп кідірмей, еліміздегі бірқатар өзекті мәселелердің өзегін тарқататын ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ұсынған негізгі алты бастамаға тоқталды. Қазақстан өміріне өзгеріс әкелетін сол бастамаларға тоқталсақ.

Биыл алғаш рет еліміздің 14 өңірінде ауыл әкімдері сайланды. Барлығы 2 мыңға жуық үміткердің 730-ы басым дауысқа ие болып, ауыл әкімі орынтағына отырды. Олар өзі әкім болып сайланған ауылдың халқын ауқатты, жерін абатты етуіне төрт жыл мерзім беріліп отыр. Басқару мерзімі аяқталғандар біртіндеп сайлана береді. Президент Ұлттық қоғамдық кеңестің алтыншы отырысында ауыл әкімдерін сайлаудың бұл ережесін тағы да жетілдіруді қолдай отырып, кандидаттарға қойылатын талапты жеңілдетіп, арнаулы орта білімі бар азаматтардың да сайлауға қатысуына мүмкіндік беруді қолдауға лайық ұсыныс екенін айтты. Президент бұл туралы ойын «Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейде ауыл әкімдерін таңдау бәсекелестігін күшейтеді деп санаймын. Өйткені ауылдарда жоғары білім талаптарынан өтпеген, құзіретті, тәжірибелі, белсенді, халық сенім артатын адамдар көп»,-деді.

Мемлекеттің міндеті – әрбір азаматтың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтаудың маңызы зор. Білім ұяларындағы оқушылар мен жоғары оқу орындарындағы студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға дайын болу қажеттігін баса айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім шартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісім шарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет»,-деді. Бұдан бөлек Президент оқушыларға, мұғалімдер мен ата-аналарға төтенше жағдай кезінде не істеу қажеттігін үйретудің де маңызы зор екенін ескертті.
Білім саласына қатысты сөзінде Президент келісідей мәселенің шетін шығарды. Елді мекеннің жоспарын жасап, тұрғын үйлер салған кезде заң талаптарына сәйкес әлеуметтік нысандардың да болуы қажеттігі ескерілуі тиіс. Алайда еліміздегі жергілікті атқарушы органдар бұл талапты орындай бермейді. Ендігі кезекті Үкімет заңнамада көрсетілген бұл талаптың орындалуын қатаң қадағалуы тиіс.

Бұдан бөлек, әр сыныптағы бала саны 25-тен аспауы қажеттігі туралы стандарттың сақталуына басымдық беруді де қадап айтқан мемлекет басшысы оқушылар сарайы, музыка мектептері, балабақшалар сынды мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке адамдар иеленіп жатқанын, бұған мүлдем жол берілмеу керектігін, Үкіметке мемлекеттік әлеуметтік нысандарды жеке меншікке беруге заң жүзінде шектеу қоюын тапсырды.
Президент тоқталған тағы бір мәселе медицина мамандарының тапшылығы болды. Оның сөзінше, қазіргі таңда бұл салада 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Білікті дәрігерлер облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда аз. Президент мұны ол жерде оларға жасалатын жағдайдың тиісті деңгейде еместігімен байланыстырып, өңір әкімдері мәселенің өзегін тарқатуы қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салада кадр тапшылығының бір себебі мамандардың шетелге кетуі екенін де жасырмады. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударады екен. Ал шетелде оқып келген мамандар Қазақстанда меңгерген мамандығы бойынш суда жүзген балықтай жұмыс істегісі келгенмен, алдынан түрлі кедергілердің шығуы туралы мәліметтер де жоқ емес. Мұндайды болдырмас үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет.

Медицина саласына қатысты мәселе осымен шектелмейді. Бұл туралы мемлекет басшысы «бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы. Мамандарды, әсіресе биоинженерлерді оқытуға медициналық техника шығаратын компанияларды барынша тарту керек. Медициналық құрал-жабдықтарды күтіп ұстау аса маңызды. Бұл жұмыспен кешенді түрде айналысу қажет. Үкіметке медициналық техниканы жөндеп, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Бұл саладағы жұмыс жүйеленсе, бюджет шығыны азаяды. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі техника бұзылып, босқа тұрмайтын болады. Жалпы, білім сапасы жақсарса, тұтас ұлттың бәсекеге қабілеті артады», -деді.

Президент сандық технологияның тиімділігін өз деңгейінде пайдалана алмай отырғанымызға қынжылды. Мысал ретінде Электронды Үкімет базасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызмет түрлері енгізілгенін, онда атаулы әлеуметтік көмек немесе көпбалалы анаға төленетін жәрдемақы алатын азаматтар туралы мәлімет бар екеніне қарамастан жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама талап ететінін тілге тиек етті. Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтары осындай екі миллионнан астам құжаттың берілгенін алға тартқан Президент мұндай ескі тәсілдерден арылу қажеттігін ескертті.

Кеңесте Президент карыз алушы мен банк арасындағы кейбір міндеттерді жеңілдету қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ Президент Үкіметке кепілге қойылған мүлікті бағалаушыларға қойылатын талапты күшейтуді, олардың жұмыс тәжірибесі кемінде үш жыл болуы керектігін, сенімсіз бағалаушылардың тізілімін жасау күн тәртібіне шығуы тиістігін айтты. Мемлекет басшысы елімізде өлім жазасының күші жойылуы керектігін, бұл ұстанымға Парламент құлақ асады деген сенімін білдірді.
Кеңесте Президент жалғызбасты аналар алаңсыз жұмыс істеуі үшін оларға қашықтан жұмыс істеу және қысқартылған жұмыс режимі құқығын заңнамалық деңгейде қарастыруды, дамыған елдерде іргелі компаниялардың өз кеңселерінде балалар бөлмелерін ашып жатқанын, мұны біздің еліміз де үлгі етуі қажеттігін айтты.

С.НҰРАЙ.