ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ ҮНЕМІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Елімізде жылу беру маусымы қазан айында басталып кетті. Бір күн емес, бір ай емес, жер қарайған көктемнен бастап күздің қоңыр суығына дейін жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілетіні сөзсіз. Жылу беру маусымы таяған кезде оған жауапты сала мамандары қыстың қаһарына дайынбыз деп жеткізеді. Бірақ кәрі құда қыс келіп, жұрт жылуға зәру кезде мұның жәй ғана құрғақ сөз екенін уақыттың өзі көрсетеді. Оған Екібастұз бен Риддер қаласында жылу қазандықтарының істен шығуы салдарынан тұрғындардың дірдек қағып жатқаны жарқын мысал бола алады. Екібастұзда жағдай қиындап, төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.
Бұл жағдайлар жылу жүйесі жылы жауып қоятын мәселе емес екенін тағы да дәлелдеді.
Түркістан қаласында жылуға қатысты мәселе жүйелі жолға қойылған. Орталықтандырылған жылу беру жүйесіне қосылған абоненттерге «Жылу» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Түркістан қаласында жылу беру маусымы 1-қарашада басталуы тиіс-тін. Бірақ белгіленген күнге дейін сырттағы ауа температурасы үш күн қатарынан +8 градусты көқрсеткен соң абоненттерге жылу 27 қазаннан бастап беріле бастады. Жылу беру мерзімі 150-күннен асады деп жоспарланып отыр. Осыншама уақытта тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін кәсіпорында өрт, техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуына баса мән берілетіні сөзсіз. Осы бағытта қанлай қауіпсіздік ережелері сақталатынын оқырман назарына ұсыну үшін біз Түркістан қаласындағы «Жылу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының еңбек қорғау және төтенше жағдай бойынша инженері Жақып Ұлықбек Оспанұлына бірнеше сауалдар жолдаған едік.
– Өрт қауіпсіздігі бойынша «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қандай талаптар қойылған?
– Жылу беру жүйесі бойынша өрт қауіпсіздігіне байланысты тиісті талап бар. Өз кезегінде біз сол талаптар бойынша жұмыс істейміз. Атап айтқанда, жылу беру маусымы басталмас бұрын, қазандықтарды, басқа да жылу беру құралдарын жөндеп, тексеруден өткіземіз. Жарамсыз жылу беру құралдарын пайдалануға жол берілмейді.
Арнайы мамандарымыз жыл сайын жылу беру маусымы алдында өртке қарсы нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі.
Қазандықтармен жұмыс істейтін мамандар арнайы оқудан өтіп, біліктілік куәлігін алуы міндеттеледі.
– Қазандықтарды пайдалану талаптары туралы айтып өтсеңіз…
– Қазандықтарды пайдалану бойынша келесідей қауіпсіздік талаптары бар. Атап айтқанда, ыстық су қазандықтарын пайдалану кезіндегі ең басты қауіпсіздік – қазандықтың техникалық жай-күйіне қазандықты пайдалану тәжірибесі бар немесе белгіленген тәртіпте білім сынағынан өткен және тиісті сертификаты бар адам жауапты болады. Қандай да бір оқыс оқиғаны алдын алу мақсатында – қазандыққа бұл мекемеде қызмет жасамайтын адамға кіруге тыйым салынады. Қажет болған жағдайда қазандыққа бөтен тұлғаларды тек әкімшіліктің рұқсатымен немесе басшы құрамының жанында арнайы өкілі ертіп жүруімен кіргізуге рұқсат етіледі. Ыстық су және бу қазандықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша жұмыс орнында қазандықты қосу схемалары ілініп тұрады. Қазандықтарға қызмет көрсететін жұмысшылар қолданыстағы стандартқа сәйкес арнайы жұмыс киімімен және қауіпсіз аяқ-киімімен қамтамасыз етіледі. Қазандыққа кіру және шығу жолдары ашық әрі бос болуы қажеттігі басшылыққа алынады. Жанар-жағармайдың пластмасса цистерналарына сақталуына жол берілмейді. Қазандық және газ құбырлары ажырату винтельдеріне арнайы нұсқауы бар плакаттар ілінеді. Түнгі ауысымда қазандықта жұмыс атқарған жағдайда арнайы протативті қолшамдарын қолдануға ғана рұқсат етіледі. Қазандықты пайдалану кезінде есіктерді құлыптауға тыйым салынады. Қазандық камераларына жөндеу жұмыстарын бастамас бұрын жұмыс жасап тұрған қазандықтардың қосылған жерлерін арнайы тексеріп, ажыратылу керек және де ажыратылғанына көз жеткізілуіне ден қойылады.
– Дұрыс екен. Техногенді апатты болдырмас үшін тағы қандай қауіпсіздік ережелері ескеріледі?
– Сонымен қатар бізде диспетчерлік қызмет көрсету кезіндегі жұмыс істеу талаптары үнемі пысықталады. Олар: арнайы киімді және басқа да жеке қорғаныс құралдарын қарап, жарамды арнайы киім киюі керек. Диспетчерлік қызмет жұмыс орнын тексереді. Едендер мен жабындардың таза екеніне, шұңқырлардың жоқтығына, жолдар мен өткелдерге бөгде заттар бітелмегеніне көз жеткізеді. Диспетчерлік журналдағы жазбалармен және басқа да техникалық құжаттармен танысады. Өртке қарсы құралдардың болуын және жарамдылығын тексереді. Өндірістік бағдарламаларға, күнтізбелік жоспарларға сәйкес кәсіпорынның және оның бөлімшелерінің өндіріс барысын және басқа да қызмет түрлерін жедел реттеуді жүзеге асырады. Өндіріс барысын жедел бақылауды жүзеге асырады. Өндірістік қуаттарды барынша пайдалануды қамтамасыз ету кезінде жабдықтар мен технологиялық карталардың қауіпсіздік талаптарының орындалуын сақтайды. Жұмыс кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу есебінен жұмысты жеделдететін тәсілдерді қолданбауы міндеттеледі. Өндіріске отын, электр энергиясын беру тоқтатылған жағдайда, электр желілерімен телефон арқылы байланысып, ажырату себебін және өндіріске кернеу беру уақытын анықтауы тиіс. Жұмыс барысында қолданатын қорғау құралдары, механикаландырылған құрал-саймандар, жабдықтар мен технологиялық жарақтар дайындаушы зауыттың оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес мақсаты бойынша пайдаланылуы тиістігін қамтамасыз етеді.
– Слесарлық жұмыстарды орындау кезіндегі қауіпсіздік техникалары ережелері қандай?
– Бұл бағытта қауіпсіздік техникасының жалпы талаптары келесідей.
Жаңа (таныс емес) жұмысты алған кезде шеберден қауіпсіздік ережесі бойынша қосымша нұсқама талап ету керек. Жұмысты орындау кезде бөтен істер мен сөйлесулерге алаңдамау қажет. Және басқаларды да алаңдатпау керек. Зауыт аумағында (аулада, ғимаратта, кірме жолдарда) келесі ережелерді сақтау керек:
-электр крандар краншылары мен қозғалып келе жатқан көлік жүргізушілері беретін сигналдарға мұқият болу және оларды орындау;
-көтерілген жүк астында болмау;
-өтуге арналмаған жерлерде өтпеу және қозғалып келе жатқан көлік алдында жол жүрмеу;
-конвейер мен рольгангтер арқылы белгіленбеген жерлерде өтпеуге және олардың астына түсуге, қоршаудың сыртына рұқсатсыз кіруге болмайды;
-электр жабдығына, клеммаларға және электр сымдарына, жалпы жарық беретін арматураға жақындамауға және электр шкафтарының есіктерін ашуға болмайды;
-цех әкімшілігі тапсырмаған машиналарды, станоктар мен механизмдерді(авариялық жағдайлардан басқа) қоспауға және тоқтатпауға.
Сонымен қатар жарақат алған жағдайда жұмысты тоқтату, бұл туралы шеберге хабарлап, медпунктке бару керек. Шебер немесе оны алмастыратын адам болған жазатайым оқиға туралы хаттаманы уақытылы жасау және осындай жағдайлардың қайталануын ескерту шараларын қолдану үшін бұл туралы цех әкімшілігіне дереу хабарлауға міндетті.
Жұмыс басталар алдында жұмыс орнын мұқият қарап, оны ретке келтіру, жұмысқа кедергі келтіретін барлық бөгде затарды алып тастау қажет.
– Электр желілерімен жұмыс істеу кезіндеге қауіпсіздік ережелері туралы атап өтсеңіз…
– Ең басты талап қуатталған электр тізбектерімен жанасудан аулақ болу қажеттігі үнемі ескертіледі. Желіде кернеудің болуын анықтау үшін жұмысты бастамас бұрын байланыссыз кернеу детекторын пайдалану керек және электр тізбегінің өшірілгеніне көз жеткізу керек.л Барық құрылғылар мен тізбектер қуатталмағанына сенімді болу ескертіледі. Оларды қуаттандырғандай ұқыпты және мұқият ұстау айтылады. Электр құрылғыларымен жұмыс кезінде корпусы диэлектрлік материалдан жасалған құралдар пайдаланылады. Электр тізбектерімен жұмыс жасау кезінде тұтқалар, сызғыштар, сақиналар және білезіктер сияқты металл заттар пайдаланылмайды. Электр тізбегімен жұмыс жасағанда мүмкін болса, екіннші қолды өткізгіш материалдардан алшақ ұстап бір қолымен жұмыс жасау бойынша ескертіледі. Бұл сақтық шарасы электр тогымен соққы кезінде кеуде қуысы арқылы электр тоғының ағып кетуіне жол бермейді.Жұмыс режимінде тұрған электр жабдығына қол тигізу қажет болса (мысалы қозғалтқыштың қызып кетпегенін тексеру) алақанның артқы жағын пайдаланыңыз, электрмен және соның салдарынан бұлшықеттің қысылуымен байланысты жағдайда қуатталмаған жабдықты ұстамау ауыр зақымдану қаупін азайтатыны ескертіледі. Жабдықтың температурасын анықтау үшін байланыссыз инфрақызыл пирометрді немесе жылу түсіргішті қолдану айтылады.
Бұл бағытта ең қарапайым және ең маңызды ереже – өз қауіпсіздігіңді бөтен адамдарға ешқашан сеніп тапсырмау. Жұмыс басталар алдында жабдықтың токтан ажыратылғанын әр жұмысшының өзі тексеруі ескертіледі. Бұл үшін сенімді құралдар мен өлшеу жабдығын қолдану қажет.
– Кәсіпорында насос қондырғысымен жұмыс істеу тәртібі қандай?
– Электр жабдықтарымен жұмыс кезінде электр тогының соғуы мүмкін екенін әрдайым есте ұстау ескертіледі. Бұған жол бермес үшін төмендегідей қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі:
-Сорғыны іске қоспас бұрын жабдыққа зақым келтірмеу немесе апаттың алдын алу үшін сыртқы тексеру жүргізу керек;
-Сорғы жұмыс кезінде тегіс жерде болуы тиіс. Иілу немес бұзу кезінде одан май немесе отын ағып кетуі мүмкін;
-Моторды шұғыл тоқтату әдісін үйрену керек;
-Қауіпсіздік техникасын білмейтін адамдарға сорғыны пайдалануға рұқсат етілмейді;
-Құрылғыға бекітілген пайдалану және техникалық қызмет көрсету нұсқаулары орындалуы тиіс;
– Электр құралдарымен жұмыс жасау кезінде қандай техникалық қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі?
– Кәсіпорында дәнекерлеуші электроқұрылғы өндірістік 3 фазамен және 1 фазамен жұмыс жасаудан алдын тоққа жалғанып тұрғанын, жерге тұйықталуын барлығын тексереді. Дәнекерлеуші құрылғы, кабел, токтың ұзартқыш кабелі су жерде, үстінен басып кабелді кесетін жерден, электрод ұшқындары түспейтіндігін қадағалайды. Дәнекерлеуші құрылғымен жұмыс бастар алдында дәнекерлеуші шлем, синтетикалық емес арнайы киім, аяқта етік немесе ботинка болуы қажеттігіне ден қойылады. Дәнекерлеу кезінде өртке тез жанушы материал, өртке қауіпті жанар жағармай, электроқұрылғы кабелдері болмауын қадағалау пысықталады. Дәнекерлеуші қазандық ішінде жұмыс жүргізгенде респиратор, газға қарсы арнайы масканы пайдаланады. Дәнекерлеуші жұмысты бастар алдын қолғабы, арнайы киімі, аяқ киімі су болмауы керек. Дәнекерлеуші жоғарыда жұмыс істер алдын өзін арнайы троспен іліп қою, электродтан ұшқан ұшқынның төменде тұрған адамға, өртке тез жанушы материалға тимеуін қамтамасыз етеді. Дәнекерлеуші құбырды дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуден алдын құбырдағы қысымды тексереді. Жылу құдықшасында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізуден алдын құдықшаның іші желдетіледі. Айналымда болған механизмдерге дәнекерлеу жұмыстарын жүргізер алдын механизмді тоқтату және айналымдағы механизмді қосып жібермеу үшін операторға ескертіледі.
Дәнекерлеу жұмыстарын бастамас алдын су , құм, сөндіргіш ОП-10 тұратын өрт тақтайшасы жақын жерде болуын, болмаған жағдайда шелекте су болуы шарт. Дәнекерлеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін дәнекерлеу құрылғысы тоқтан ажыратылып, құрылғы құрғақ жерге қойылады.
– Жұмыс орнында кескіш құралмен жұмыс істеу өкінішті жағдайға ұласпас үшін қандай қауіпсіздік ережелері ескертіледі?
– Кескіш құралмен жұмыс істегенде құралды екі қолмен арнайы ұстамасынан ұстау қажеттігі айтылады. Электроқұралды розеткаға қосудан алдын еркін айналып тұрғаны тексеріледі. Қорғаныс қаптамасын қажетті орнына орнатып бос болмауы тексеріледі. Кесілетін детал бос тұрмауы қажеттігі тексеріледі. Кескіш дисктің жарылғаны, шеті сынған қосқанда ұрып айналатын жағдайда дискті пайдаланбайды. Кескіш электроқұралды пайдаланғанда электрокабельдің үстіне кесілетін детал, темір бөліктері түспейтін болуы қадағаланады. Кескіш құралды пайдаланудан алдын қорғаныс көзілдірік пайдалану, деталды кескен кезде ұшқындардың зиян келтірмейтін жерге шашырауын қадағаланады. Темір кесілетін жерде жырылғыш, жанар жағармай, тез жанатын материалдардың болмауы қадағаланады. Кескіш құралдың дискін ауыстыруда арнайы ключ пайдаланылады. Кескіш құралды пайдалану кезінде үлкен салмақ түсірмеу назарға алынады. Жерде жатқан труба, угольник, темір лист кесу кезінде аяқты кескіш құралдың алдынан алыста ұстау түсіндіріледі. Кескіш құрал үлкен вибрацияда істеген жағдайда жұмысты тоқтатып, кескіш құралды жөндеуден өткізу түсіндіріледі. Кескіш құралмен деталды түзеу, тазалау кезінде арнайы дискті пайдалану, кескіш құралмен материалды кесу кезінде дисктің қысылып қалуынан сақтану қажеттігі қадағаланады. Биіктікте кескіш құралмен жұмыс істегенде құралды пайдаланушы, өзін және құралды арнайы сақтандырғыш тросымен іліп қоюы қажет. Кескіш құралды пайдалану кезінде қолғап май болмауын ескерту қажет. Кескіш құралды пайдалану кезінде жаңбыр, шашырап тұрған су астында кесу, тазалау жұмыстарын істемеу ескертіледі. Қысымда тұрған құбыр, іске қосылып тұрған насос, вентилятор, редуктор т.б деталдарды кескіш құралмен кесуге болмайды. Жұмыс біткеннен соң кескіш құралды тазаланып, қауіпсіз жерге қойылады.