ХХІ ғасырдың жаңа мектебі
Әлемдік қоғам өзінің эволюциялық дамуының жаңа фазасына – ақпараттық қатынастық технологиялардың (АҚТ-дың) адамның тіршілік іс-әрекетінің барлық саласына қарқынды енуімен сипатталатын ақпараттық қоғам фазасына кірді, ал ақпараттық ресурстар заттық пен энергетикалық ресурстарға қарағанда кем емес маңызды рөл атқаратын болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтің Жарлығымен 2010 ж. 1-ақпанында бекітілген Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарында барлық білім беру жүйесін одан әрі ақпараттандыру мен электрондық оқытуды жаппай енгізу бағдары анықталған болатын. 2011-2020 жж. Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында адамзаттық ресурстардың әлуетін арттыру мақсатында білім беруді түбегейлі жаңартудың басым бағыты болып электрондық оқыту аталған. Электрондық оқытуды 2015 жылға дейін республика мектептерінің 50%-ына, ал 2020 жылға дейін 90%-ына енгізу жоспарланды.
Осыған орай, еліміздегі орта мектептер электронды оқыту жүйесіне көше бастады. Яғни, мұғалімдер оқушылардың үлгерімін енді арнайы бағдарлама арқылы қадағалайды. Ал ата-аналар үйде отырып, балаларының үй тапсырмалары мен бағаларын ғаламтор арқылы тексеруге мүмкіндік алды. Ресми мәлімет бойынша, 2011 жылы электронды оқыту жүйесі енгізілгеннен кейін оқу сапасы 15%-ға жоғарылады.
Мектеп оқушыларына оқулықтар мен тапсырмалар енді электронды түрде беріледі. Мұғалім оқушының бағдарламаны қалай меңгеріп жатқанын да осы жүйе арқылы бақылап отырады. Тест түрінде жүргізілетін аралық бақылау барысында оқушының алған білімі тексеріліп, нәтижелері шығарылады. Сонымен қатар, электронды жүйе арқылы мұғалімдер өздерінің сабақ кестесін жасап, оқу жоспарын құрайды.
Осындай білім беру үрдісіне Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі Қолдасова Оразкүл басқарып отырған жаңашыл С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы да қосылғанына 6 айдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде мектепте төмендегідей істер атқарылды: оқу-жұмыс жоспары жоспарлап әр мұғалімге оның жүктемесі бөліп берілді. Пәндері күнтізбелік-тақырыптық жоспарлауға енгізіліп, бекітілді. Кейін әр мұғалім осы жүйеге кіріп, өзінің сабақ кестесін, пәндерінің тақырыптарын электронды түрде көре алды. Электронды журналға оқушыларының бағаларын енгізді. Айтқанға аз ғана жұмыс болып көрінгенмен мектептің бар құжаты, мүғалімдер, оқушылар, ата-аналар туралы мәліметтердің электронды нұсқасы жасалып, электронды оқыту порталына ендіру және оны берілген уақытта орындап отыру мектеп ұжымы үшін қомақты іс болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің тапсырысы бойынша кітаптар енді электронды нұсқада шығарылады. Бұл жаңашылдық мектеп оқушыларын құшақ-құшақ кітапты арқалаудан арылтады. Қазірдің өзінде заманауи технологияның бұл жетістігі көпшілік тарапынан қолдау табуда. Жуыр маңда әр оқушы ұғымға ауыр оқулықтарын осындай планшетке ауыстырады.
Оқушылар да осы жүйенің енгізілгеніне риза. Өйткені жастар үшін электронды технологияларды меңгеру қиынға түспейді. Оқушылар үшін электронды оқыту жүйесі өте ыңғайлы. Бағалары мен кестені ғаламтордан көріп отырады. Егер сабақта қалып қалса, «Кітапхана» бөлімінде сол сабақтың мазмұнын қарап, дайындалады. Енді күнделікті толтырудың да қажеті жоқ.
Электронды жүйені жүзеге асырудың өзіндік қиыншылығы да болды, ол – мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды игеру деңгейінің әркелкілігі. Осы мәселені шешу үшін аталған мектепте әр аптаның сейсенбі күні мұғалімдерге біліктілікті көтеру мақсатында компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеп үйренуге мүмкіндік жасалып, соны бағыттап сабақ өткізу үрдіске айналып отыр. Бүгінде мектеп ұжымы бұл жүйеге біршама төселген, ендігі алдағы мақсат – ата-аналардың өз балалары туралы мәліметтерді тұрақты қадағалапотыруынқалыптастыру. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін де мектеп дирекциясы, сынып жетекшілер ата-аналар комитетімен біріге жұмыс жасауда. Келешекте осы атқарылған істер оң нәтижесін беріп, шәкірттерінің білім сапасының артатынына, ата-ана мен мектеп байланысының нығаятынына нық сенімді ұжым қарқынды түрде еңбек етуде.
Ағабек ДАТҚАЕВ .