ЗАҢДЫ БІЛМЕУ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТПАЙДЫ

80
0

Уақыт өткен сайын желіде алаяқтық схемалар көбейіп келеді. Қаскүнемдер қаражат немесе пайдаланушылардың жеке деректері туралы ақпарат алу үшін түрлі қулықтарға жүгінеді. Интернеттегі ең көп таралған алаяқтықтың бірі – алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық.

Шымкент қаласының прокуратурасы аталған алаяқтық түрі турасында кеңінен ақпарат беріп, тұрғындарды абай болуға шақырды. Мұндай қылмыс түрі қарапайым жолмен жасалады. Алаяқтар өнім немесе қызмет үшін алдын ала ішінара немесе толық төлем жасауды сұрайды. Мүмкіндігінше, көп пайдаланушыларды қызықтыру үшін жарнаманы өте тартымды, нарықтан төмен бағамен жариялайды. Азаматтар ақша жіберген уақыттан бастап, олар байланысты үзеді. Жуырда осындай схемалармен жұмыс істеген алаяққа Еңбекші аудандық сотында үкім шықты. Ондағы оқиғаға ойыссақ, «Т» есімді жәбірленуші «OLX.kz» парақшасында нарықтан төмен бағада сатылымда тұрған мотоциклдің жалған жарнамасын көріп, үшінші тұлғамен сату-сатып алу туралы келісім жасап, оның айтуы бойынша алдын ала төлем ретінде 187 000 теңге «Kaspi Gold» қосымшасы арқылы жолдаған соң, үшінші тұлға байланысты тоқтатқан. Осыған ұқсас фактілермен алданған тағы 4 жәбірленуші анықталды. Ал күдікті ретінде өзгелердің «Kaspi Gold» банк карталарын қолданып келген  «И» есімді Астана қаласының тұрғыны құрықталды. Нәтижесінде сотта оның іс-әрекеттері Қылмыстық Кодектің 190-бабы 3-бөлігінің 1,4 тармақтарымен (алаяқтық) толық өз дәлелін тауып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы орайда, қала тұрғындарын алданып қалмауға және әлеуметтік желіде тараған жарнаманың бәріне сене беруге болмайтынын ескертеміз. Ал бейтаныс нөмірден ақша аудартып, оны шығарып беруді сұраған таныс немесе бейтаныс адамның әрекеті күмәнді болуы мүмкін екенін де ұмытпаған абзал. Заңды білмеу, жауапкершіліктен жалтаруға себеп бола алмайды.