ТҮРКІСТАН ӨНДІРІСТІК АЙМАҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Түркістан облысы экономикалық даму мен өндірісті жаңғырту бағытында айтарлықтай серпін алды. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша өңірлік даму мен кәсіпкерлікті қолдау мәселесі стратегиялық басымдыққа айналған тұста, Түркістан облысы әкімдігі нақты қадамдарға көшті. Аймақта өндіріс орындарын заман талабына сай дамытуға баса мән беріліп, индустрия мен инвестиция саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Хайдельберг Материалз Қазақстан» компаниясының басқарма төрағасы Михаил Доков арасындағы кездесу.
«Хайдельберг Материалз Қазақстан» – әлемдік деңгейдегі Heidelberg Materials компаниясының қазақстандық өкілдігі, цемент және құрылыс материалдарын өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Төлеби ауданындағы шикізат көздерін тиімді пайдалану, жергілікті өндірісті жаңғырту, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту – кездесу барысында көтерілген басты мәселелер болды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолайлы экожүйе қалыптастырып отыр. Бүгінде ірі компаниялардың өңірге қызығушылығы артып келеді. Бұл – тек экономикалық қана емес, әлеуметтік даму мен халықты жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізетін фактор. Осы орайда, «Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға, жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған. Өңірді дамытуға кәсіпорындар да атсалысады деген сенім мол», – деді өңір басшысы. Түркістан облысының соңғы 7 жылдағы экономикалық көрсеткіштері өңірде жүйелі даму бар екенін көрсетеді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,6 есеге артып, 4,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – облыстың ішкі экономикасының сапалы өсіп, инвестициялық тартымдылығының артқанын дәлелдейді. Өнеркәсіп саласының өзі 1,2 трлн теңге өнім өндірсе, ауыл шаруашылығы алғаш рет 1 трлн теңгеден асып отыр. Бұл — Қазақстанның агроөнеркәсіптік картасындағы Түркістанның рөлін айқындай түсетін дерек. 2024 жылдың алғашқы жартысында облыс экономикасына 387,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы алғанда, соңғы жылдары тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты. Бұл қаржы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды жетілдіруге, экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Михаил Доков басқаратын компания өндіріс көлемін арттырумен қатар, жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Кездесуде тараптар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де ерекше мән берді. Бұл дегеніміз – тек пайда табу емес, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына, экология мен адам капиталына инвестиция салу. Осындай әріптестік негізінде кәсіпорындар мектеп, балабақша, медициналық мекемелерге қолдау көрсету, инфрақұрылымды дамыту, жергілікті мамандарды даярлау және жұмыспен қамту секілді әлеуметтік жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Бұл тәсіл – БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетін ұзақмерзімді көзқарас. Түркістан облысы Қазақстанның индустриялық даму картасында өз орнын нығайтып келеді. Бұл ретте өңір басшылығының шетелдік және отандық инвесторлармен орнатқан тиімді диалогы, инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған реформалар, өңірлік инфрақұрылымды дамыту саясаты негізгі қозғаушы күшке айналды. Өңірдегі өндірістік жобалар мен инвесторларға ұсынылып отырған жағдайлар – экономиканы әртараптандыруға бағытталған ұлттық стратегияның бір бөлігі. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтарды қолдау, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, жастарға арналған өндірістік тәжірибе алаңдарын кеңейту – осы саясаттың логикалық жалғасы. Төлеби ауданындағы шикізат қорларын игеру және жаңа өндірістік алаңдарды дамыту – тек Түркістан емес, бүкіл Қазақстан экономикасы үшін маңызды. Бұл жобалар Қазақстанның құрылыс индустриясын сапалы деңгейге көтеріп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы Түркістан облысының өндірістік даму бағыты айқын. Өңір басшылығы мен инвесторлар арасындағы сенімді әріптестік, нақты көрсеткіштер мен өсім қарқыны – бұл аймақтың экономикалық болашағына деген сенімді нығайта түседі. Түркістан – индустриялық және инвестициялық орталық ретінде қалыптасып келеді.